1.08.2024, 14:45
Оқылды: 134

Тасқала ауданында Сансызбай Бақтығалиұлымен кездесу өтті

Елінің шынайы патриоты, әділ әрі өз ісіне жауапты, білімі мен біліктілігі жоғары, адамгершілігі мол, мінез-құлқы келіскен, отансүйгіш азаматтардың туған жеріміз үшін қызмет етуі кез келген сала жұмысына серпін берері сөзсіз. Дәл осындай қасиетімен халыққа қалтқысыз қызмет еткен Сансызбай Рахимовтың мемлекеттік қызметтегі орны бөлек және ауданымызды дамытудағы еңбегі ерекше.

3643FFAC-B326-4CEA-8C29-953BB415300B

Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен ауданның өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан мемлекеттік қызмет саласының ардагері Сансызбай Бақтығалиұлының өнеге мен мазмұнға толы ғұмыр жолына арналған «Еңбегі елге елеулі» атты кездесу кеші өтті.

Оған аудан әкімінің орынбасарлары Рауан Рахметуллин мен Саягүл Ғалиева және ағамыздың құрдастары, замандастары, отбасы, бауырлары, бірге қызмет істеген әріптестері, мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Адам өзі өмір сүрген ортада қалыптасады. Оның мәнді де сәнді, мағыналы да мазмұнды болуы сол өмір иесінің қарымы мен қабілетіне байланысты. Сансызбай Бақтығалиұлының күні бүгінге дейін жүріп өткен айшықты ғұмыр жолы – осының дәлелі.

Мемлекеттік қызметтегі білікті маманның еңбек жолы 1984 жылдан бастау алады. Ағамыз Тасқала ауданының Оян ауылына қарасты Мартынов елді мекенінде 1961 жылы әкесі Бақытқали мен анасы Баянның шаңырағында дүниеге есігін ашқан.

Қарапайым ауыл баласы орта мектепті бітірген соң болашағын ауыл шаруашылығы саласымен байланыстыруды қалаған екен. Сол арман жолында Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында зооинженер мамандығы бойынша жоғары білім алды.

– Алғашқы еңбек жолымды 1978 жылы Степной орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі қызметінен бастадым. Кейін жоғары оқу орнын бітірдім. Ол кезде білімге деген талап жоғары болатын. Мамандық бойынша бір жыл машықтан өткеннен кейін ғана диплом қолға беріледі. Сол мақсатпен 1984-1985 жылдары Чапаев (қазіргі Ақжайық) ауданының «Жамбыл» кеңшарында зоотехникселекционер қызметін атқара жүріп, тәжірибе жинақтадым. 1985-1986 жылдары «Степной» кеңшары комсомол комитетінің хатшысы, 1986-1988 жылдары осы кеңшардың бас зоотехнигі болып жұмыс істедім. Одан кейінгі уақытта мемлекеттік қызмет саласына ауыстым, - деді кейіпкеріміз.

Оның халыққа қызмет етіп жүргендегі алғашқы жылдары еліміз тәуелсіздік алған бастапқы кезеңмен тұспа-тұс келді. Ол кездері енді ғана еңсесін тіктеген елдің ішкі саяси ахуалы тұрақты болғанымен, әлеуметтік-экономикалық дамуын ретке келтіру қажет еді. Осындай сындарлы шақта ауданымызды дамыту Сансызбай Бақтығалиұлы сынды жас мемлекеттік қызметшілерге жүктелгені рас.

35895D26-0653-443A-86DE-2D2C6620AB6C

Ол қызметін абыроймен атқарып, халқына адал қызмет көрсете білді. 1988-1993 жылдары Камен аудандық комсомол және жастар одағы комитетінің бірінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің жастар бөлімінің меңгерушісі, 1993-1995 жылдары аудандық әкімдіктің іс жүргізушісі, 1995-1998 жылдары аудандық мәслихаттың бас маманы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1999-2003 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы қызметін атқарды. 2003-2007 жылдары Достық ауылдық округінің әкімі, 2007-2012 жылдары «Nur Otan» ХДП Тасқала аудандық филиалының бірінші орынбасары, 2016-2022 жылдары аудандық мәслихат хатшысы, 2022 жылдан бастап Қосшы ауылдық округінің әкімі қызметін атқара жүріп, бүгінде зейнет жасына жетіп отыр.

Сансызбай Рахимов көпшілікке өмірімен де, қызметімен де өнегелі. Кешегі мемлекеттік қызметші, бүгінгі еңбек ардагері ретінде кейінгі буынға жақсы таныс. Ағамызға арналған іс-шарада естелік фотосуреттерден, жетістектерінен жасақталған кітап көрмесі таныстырылып, көрермен назарына кейіпкеріміздің өмір жолын насихаттайтын бейнеролик ұсынылды.

Кеш қонақтары жүрекжарды ой-пікірін бөлісті. Алғашқы сөз кезегі Өтеген Ахметовке берілді.

– Адамға жақсы баға, мінездеме беру үшін онымен не жұмыстас болу, не сауда жасасу, я болмаса ұзақ уақыт сапарлас болу керек деген екен ата-бабамыз. Бірақ мен Сансызбаймен жұмыстас та, саудалас та, сапарлас та болған емеспін. Мен оның ата-анасын, өзін бала кезден танитын туысы болып келемін. Бір ауылда үйіміз іргелес көрші болдық. Әкесі Бақтығалимен кеңшарда бірге жұмыс істедік. Анасы Баян жеңгеміз мектепте мұғалім болды. Ол кездің ұстаздарының бойында жаман мінез атаулы қалыптаспайтын, ұрпағын да солай тәрбиеледі. Сол себепті болар, Сансызбай өте зерек, тәрбиелі болып жетілді, - деді ауыл ақсақалы.

Сансызбай Бақтығалиұлының сыныптастары да кеш төрінен орын алды. Олар: мемлекеттік қызметтегі Ганмирлан Гұсманұлы мен тәжірибелі ұстаз Мұрат Мәжитұлы.

– Біз Сансызбаймен тай-құлындай тебісіп, бірге өстік. Мектеп табалдырығын аттаған сәтте әліппені үйреткен алғашқы ұстазымыз Дария Сүндетова апайымыз еді. Бір сыныпта қырық бір бала білім алдық. Оның ішіндегі сотқар балаларға қосылмайтын, тәрбиесі бөлек, байсалды, оқуда озат оқушы Сансызбай еді, - деп еске алды сыныптастары.

B479FDCA-7A0A-4E75-8120-9684F14ABD62

Кеш барысында бір сыныпта оқып, білім алған ел ағалары тәлім берген ұстаздарын еске алды. Қияға қанат қақтырып, тұлға болып қалыптасуға, өмірден лайықты орын табуға баулыған ұстаздарының еңбегін жастарға үлгі тұтты.

Іс-шарада Сансызбай Бақтығалиұлымен әр жылдары қоғамның түрлі саласында  қызмет атқарған замандастары Жәрдемғали Абылғалиұлы, Раушан Сабырғалиқызы, Алмаш Карпенқызы сөз алып, ағамыздың кісілік келбетін, асыл қасиетін тілге тиек етті. Сонымен қатар кешке ағайын-туыстары, қайын ағасы, бірнеше мәрте халық қалаулысы Әлібек Нәубетұлы және күйеу баласы, сыйлас замандасы, Теректі ауданының мәслихат төрағасы Әлжан Жақсыгерейұлы, қарындасы Күләнда апа қатысып, әулеттің үлгісі, мақтанышы болған Сансызбай ағаға игі тілегін жолдады.

Іс-шара соңында аудан әкімінің орынбасары Рауан Бисенғалиұлы мен аудандық мәслихат хатшысы Жанар Нұрболатқызы сөз алып, Сансызбай Рахимовке облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғысхатын табыс етті.

Осындай ұмытылмас кездесудің куәсі болған қонақтар ауданға белгілі тұлғаларды жас буынға дәріптеу мақсатымен «Дара жол» шығармашылық кешін өткізуді дәстүрге айналдырған Тасқала аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айгүл Серікбайқызы мен кітапхана ұжымына алғысын білдірді.

Бақтыгүл Шотанова

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале