4.08.2024, 18:22
Оқылды: 4

Казталов ауданы әкімі жастармен кездесті

Жастар – елдің басты байлығы. Бәсекеге қабілетті жас буын қашанда тың идеялардың қайнар көзі, өзгерістердің қозғаушы күші болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінгі жастар – еліміздің мәртебесі» - деп жастарға үлкен сенім артты. Тек біздің елімізде ғана емес, барлық әлем жастардың алып күш иесі екендігін мойындай отырып, әрқашан олардың ойымен санасып отырады. 

IMG-20240804-WA0033

2 тамыз күні Сарыөзен жағалауында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай, Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов аудан жастарымен кездесу өткізді. Бұл шара еркін форматтағы пікіралмасу ретінде ұйымдастырылды. Еркін форматта өткізілген кездесуді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының кеңесші маман Айнаш Өтебалиева жүргізді. Кездесуге аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, Жалпақтал полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмаған істері жөніндегі учаскелік полиия аға лейтенанты Гүлдара Жалелова, жас кәсіпкер Гүлзар Рахматуллина, жас мамандар мен белсенді жастар қатысты.

Шарада аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы:

- Жастар болашақтың бастауы. Ауданымыздың дамуы мен гүлденуі, болашағының жарқын болуы жастардың қолында. Бүгіне жастарды жастарымызды жан-жақты дамытуда ауданымызда көптеген жұмыстар атқарылып, оларды әлеуметтік-экономикалық жағынан қолдау шаралары өз шешімін тауып келеді. Бастысы ауданымыздың экономикасының дамуы, ел тыныштығы мен бірлігі жолында сіз-біз десіп бірлескен жұмыс үлгісін көрсетейік. Алаш арысы Мағжан Жұмабаев "Көздерінде от ойнар, Сөздерінде жалын бар, Жаннан қымбат оларға, Мен жастарға сенемін!" деп айтқандай менде жастарға сенемін, үлкен үміт артамын, - деді. Сонымен қатар аудан басшысы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, жастар саясатын жүзеге асыруға және ұлт мәдениетін ілгерілетуге қосқан үлестері үшін Гүлдар Мұхамбетжанова (Халықтық «Қарылғаш» би ансамблінің жетекшісі), Болатбек Зиноллин (Жалпақтал өнер мектебінің ұстазы), Сымбат Қапиетова (Казталов аудандық №2 ауруханасының мейірбикесі), Ғалымжан Қуанышкерей (Қошанкөл мәдениет үйінің бөлім жетекшісі), Гүлзар Рахматуллина (Жас кәсіпкер), Мәрлен Мақсотов (Көктерек ауылдық округі «Айбын» спорт клубының әдіскері), Елдос Жасталап (Қарасу ОЖББМ-нің 7 сынып оқушысы) алғысхаттармен марапаттады.

IMG-20240804-WA0032

Кездесуде аудан басшысы жастардан қандай мәселелер бар, болашақта қандай идеяларды жүзеге асыратындықтарын сұрап, еркін тақырыпта әңгіме өрбітті. Аудан әкімімен кездескен жастар өз кезегінде түрлі сұрақтары мен пікірлерін, ұсыныстарын білдірді. Сауалдар негізінен «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жүзеге асуы, түрлі әлеуметтік жобаларға қолдау көрсету және жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай туғызу төңірегінде болды.

IMG-20240804-WA0031

Шара одан әрі белсенді жастардың «Қазақша QUIZ» интелектуалдық ойынымен жалғасын тапты.

Мұқағали Шоқпанов, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры:

- Облыс бойынша 12 тамыз Халықаралық жастар күніне орай «JAYIQ JASTARY» фестивалі, «Жас келсе іске» мотивациялық кездесулер аясында «Бірге! Бір толқында!» атты Казталов ауданының әкімі жастармен кездесуі өтті. Бұл кездесуге ауданымыздың 16 ауылдық округінің белсенді жастарымыз қатысып, аудан әкіміне көкейінде жүрген сауалдарын, ұсыныстарын білдірді. Кездесу аясында облымызда болған су тасқыны кезінде қол ұшан созған ерікті жастарымыз, мәдениет, спорт саласында жүрген белсенді жастарымыз алғысхаттармен марапатталды. Сонымен қатар «Қазақша QUIZ» интелектуалдық ойыны ұйымдастырылды. Жастар күніне орай көптеген шаралар ұйымдастыралатын болады, - деді.

IMG-20240804-WA0034

Қызғалдақ Тілекқабылова, «Айбын» спорт клубының іс-қағаз жүргізушісі:

- Бүгін Сарыөзен жағалауында аудан әкімімен еркін форматта керемет кездесу өтті. Кездесуде аудан басшысына толғандырып жүрген сұрақтарымызды қойып, ұсыныстарымызды білдірдік және оң жауап алдық. Жастар күніне орай ұйымдастырылған кездесуден ерекше әсер алдым. Алдағы уақытта да ерекше форматта кездесулер ұйымдастырылады деп ойлаймын, - деді.

Гүлнұр Бөлешова,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале