5.08.2024, 22:20
Оқылды: 145

Казталовтық ағайындылардың ісі көпке үлгі

Суреттен көріп отырғандарыңыздай, мына қос бүлдіршіннің жасаған игі ісі көпке үлгі боларлық. Казталов ауданының Қошанкөл ауылында тұратын ағайынды жігіттер қайраңдап қалған шабақтарды жинап, Көктерек тоғайындағы Медетсайға салып жүр.

4B438EB7-F511-41B1-BB6F-22B9C1A2A867

Бәрін басынан бастасақ, биылғы жылы Сарыөзенге су молынан келіп, өзен айналасындағы сай-сала мен жайылмаларды толтырды. Сумен бірге балық та шығып үлгерді.

Ауыл азаматтары су шыққан жерлерде балық аулап, қарқ болды. Су тартыла келе, қолмен сары сазандарды ұстағандарды көрдік. Әйтеуір бәрі балықшы болып кеткен...

Күн ысып, сай-саладағы су тартылғасын балықшылардың қарасы басылды. Қайраңдап қалған шабақтарға ешкім көңіл аударғысы жоқ. Балшыққа батып, су тартылған сайын өмір мен өлім үшін күресіп жатқан тіршілік иелерінің жағдайы мүшкіл. Мыңдаған шабақтар қырылып жатыр...

Қошанкөл ауылдық округіне қарасты Әжікей қыстағы. Сарыөзен өзені бойындағы бұл қыстақта Мырзагелді Таспихов жетекшілік ететін «Әжікей» шаруа қожалығы орналасқан.

Шаруашылықта Ғабдулғазиз Төлепов ағамыз көмекші болып адал қызмет атқарып жүр. Шаруашылықтың тасын өрге дөңгелеткен Ғабдулғазиз ағаның ұлдарына да берер өнегесі мол. Ғали Беғалиев атындағы білім ордасында білім алатын қос ұлы Нұрәлі мен Нұрәділ жазғы демалыстарын босқа өткізбей, әкесіне көмекке келеді. Бұлар да ойын баласы емес пе?! Арасында балық аулап, суға шомылып, атқа мініп демалыстарын жақсы өткізуде.

Бірде олар су жағасында жүріп, балшыққа батып, ауыздарымен ауа қармап жатқан шабақтарды көреді. Саны тым көп екен. Дені мөңке, сазан, шортанның шабақтары. Қайраңдап, қырылып жатқан шабақтарды көрген қос батыр ақылдаса келе, қалған балықты аман алып қалуға талпынады.

Шалшыққа батқан шабақтарды жинап, Көктерек тоғайындағы Медет сайына салуды бастаған. Екі-үш күннің ішінде ағайынды жігіттер мыңдаған шабақты құтқарып, Көктерек тоғайының экожүйесінің сақталуына өз үлестерін қосты.

Міне, нағыз азаматтар! Нұрәлі мен Нұрәділдің бұл істері туған жерге деген сүйіспеншілік деп біліңіз. Отбасы мен мектептен дұрыс тәрбие алған балалардың игі ісіне қарап сүйсіндік. Кішкене күнінен қоршаған ортаны аялауға талпынған қос батырдың болашағы жарқын болсын!

Нұр Рахман
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале