Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы азық-түлік инфляциясының көрсеткіштері талқыланды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі жазды.
Фото: Үкімет
Жылдық мәнде инфляцияның өсуі бірінші жартыжылдықта 8,6%-ды құрады. Оның құрамдас бөліктерінің ішіндегі ең төменгі баға өсімі азық-түлік тауарларында (5,5%) тіркелді, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің үлесі 0,1%. Азық-түлік емес тауарлардың бағасы 7,3%-ға, ақылы қызметтер 14,5%-ға өсті.
Өткен аптада ӘМАТ орташа бағалар индексі 0,1%-ға өсті. Қант (-0,1%), сүзбе (-0,3%), сәбіз (-1,9%), жұмыртқа (-0,3%), қарақұмық (-1,8%), 1 сұрыпты ұн (-0,1%), Алматы мен Көкшетауда сиыр етінің шамалы өсуі байқалады (орта есеппен 0,2%), Жезқазған, Қонаев және Оралда сары май (0,2%-ға), Ақтөбе, Қонаев және Қызылордада тауық еті (0,3%-ға), картоп (1,6%) және басқа да өнімдердің бағаларының сәл өсуі тіркелді. Жыл басынан бері 14,7%-ға арзандаған күнбағыс майының осы аптада бағасы сәл өсті (0,3%). Алдын ала мәліметтер бойынша, орташа индекстің өсуіне осы өнімді өндірушілердің бірі көтерме бағасын арттырғаны әсер етті.
Кеңесте Қарағанды облысында 1 сұрыпты ұннан жасалған нанның бағасының өсуіне (0,2%) ерекше назар аударылды. Белгілі болғандай, облыстың бір нан зауыты коммуналдық шығындардың көбеюіне байланысты бағасын 5 теңгеге көтерді. Серік Жұманғарин өңірге әлеуметтік нан өндіруді арзандату мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Бағаны төмендетуге Қазақстанның егіс алқаптарынан кеш өнім жинау көмектеседі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 1 тамызда оңтүстік аймақтардан картоп (226,6 мың тонна), сәбіз (71,4 мың тонна), қырыққабат (368,5 мың тонна), пияз (108 мың тонна) жеткізіле бастады. Сонымен қатар іс жүзінде барлық өңірлер алдағы маусымаралық кезеңге арналған күзгі көкөніс өнімдерін шарттастырып қойды: сәбіз бойынша – қажеттіліктің 117%-ы, пияз бойынша – 172%, картоп бойынша – 99%, қырыққабат бойынша – 87%.
«Біздің басты міндетіміз – әлеуметтік маңызы бар өнімдердің дүкен сөрелерінде қолайлы және тұрақты бағамен болуы. Бағаның сәл өсуі кезінде біз әр өнімнің бағасының өсу себептерін бірден зерттеуіміз керек. Қажет болған жағдайда мемлекеттік қолдау шараларын қолға аламыз. Жақында инфляция бойынша жалпы кеңес өткізіп, барлық инфляциялық құрамдас бөліктерді ескере отырып, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қажетті шараларды қарастырамыз және әзірлейміз», - деп қорытындылады кеңесті вице-премьер.