8.08.2024, 10:00
Оқылды: 124

Сарытоғай топырағында тарихымыздың талай сыры тұнып тұр

Біздің Сарытоғай ауылдық округінің топырағында да тарихымыздың талай сыры тұнып тұр. Жуырда даламыз төсінде ерек бір жүздесу ұйымдастырылды.

89EC68B8-3147-465F-B785-FBFBD66692DD

Бұған ауданымыздың «Құрметті азаматы», бүгінде Орал қаласында тұратын Әленғали Керейтегі мұрындық болды. Сыйлы ақсақалдың тұстастары, кезіндегі жұмыстастары, бір атадан тараған туысқандар, сондай-ақ жиен, жүрежат-туажаттары, яғни өңіріміздің жер-жерінен, көршілес Атырау облысынан келгендер алдымен Байбатыр күтірінде бас қосты.

Мұнда Әлағамыздың арғы атасы, хазірет Тоғайбай Қарсақбайұлы (1838 – 1904) мәңгі тыныс тапқан. Кезінде тірлік қыз-қыз қайнаған осы төңіректе үш мешіт салдырып, медресе ашып, жұртын Ислам құндылықтарымен, адамдықтың ақ таңымен қауыштырған ол Базаршолаңда біржылдық, Дендерде екіжылдық, Қызылжарда да осындай орысша-қазақша мектептің ашылуына атсалысқан.

Бұдан бірер жыл бұрын немерелері таттанбайтын тақтаға хазіреттің осындай еңбегін жазып, айшықты белгі орнатты. Жиналғандар сондай-ақ осы әйгілі әкенің жолын қуып, халқына қайырымды істерімен, ел арасындағы дау-дамайды әділ шешуімен даңққа бөленген Керей халпе (1870 – 1924) жатқан Мамайтөбеге келіп, зиярат етті.

40F40611-1E47-41B6-A6BD-9CFF31798868

Ол қажылыққа жаяулап екі рет сапарлаған, сонау Түркістандағы дін қайраткерлеріне дейін танылған.

1892-1916 жылдарда Қызылжар мектебінде (қазіргі Базаршолан ауылы аумағы) діннен дәріс берген. Салдырған мешіттерінің бірін кейін үшінші ұлы Ұлықпан ұстап қалған. Мамайтөбедегі мешіт тоталитаризмнің құдайсыздандыру кезінде бұзылған, бір бұрышының екі құлаш қалдығы киені әйгілегендей, әлі күнге тұр.

Әленғали Ұлықпанұлының ұйғарымын немере ағасы Құсайын Қажығалиев (Алматы) пен жиендері Аухат Оңғаров қостап, Керей халпенің еңбегі ойып жазалған тақта бұл қорымда да орнатылып, бабалар рухына Құран бағышталды.

Атакүлдігіміздің өткені мен бүгіні арасындағы сабақтастықты нығайту, ту көтеріп, елдік ұран тастаған айбоздарымызды, жүрегі таза, жан сарайы кең алыптарымызды зердеге тоқу жайында айтылды.

2014 жылы сегіз арыс Масқар руының, атажұртының шежіресін, ауылдар тарихын, атақты ауылдастардың еңбегін баяндайтын «Қаратай» кітабын шығарған Ә.Керейтегінің өлкетанудағы өнегесіне, қоғамдық белсенді қызметтеріне жылы лебіздер арналды.

– Бүгінгі дидарласуымыздың мән-маңызын үлкен-кіші баршаңыз жақсы біліп, сезініп тұрғандарыңыз сөзсіз. Өз перзенттерім Құмарғали, Берік, Есей, Анаргүл, Ақмаралға, Нұрқанатым бастаған немерелеріме, олардың ұрпағына ғана емес, бүкіл біртуғандарымның ұрпағына, жастарымызға атамекеніміз, түп ата, тек ата туралы білгенімше танытуды зор парызым деп білемін. Ежелден қанатты қағидаға, өсиетке, өмір салтымызға айналған жеті ата ұғымын санаға сіңіруге әманда ұмтылып келемін. Бұл сыйластықтың, күллі халыққа бауырмалдықтың, қайырымдылықтың айтулы бір кепілі саналады. Тәрбие мектебі арқылы барлық жастарымызды өзін тануға, ұлттық болмыс-бітімін сақтауға бағыттасақ, игі. Олар түп-төркіндеріне тереңдеуге талпынса, қоғамда иман, ұлтын сүю, білімге құштарлық күшейері кәміл, - деді өз кезегінде Әлағамыз толқып сөз саптап.

Асыл дініміз шариғатқа қайшы амалдарға рұқсат бермейтіні мәлім. Ескідегілердің зираттары бүгіндегідей қымбат қорған, зәулім ескерткіштердей емес, топырағы шашылмауы үшін төңірегі орланып, өте қарапайым болғаны аталған бабаларымыз жатқан қорымдардан әбден байқалады. Осыған қарап та ойлануымыз керек-ау.

«Қасиетті қарашаңырағымыз» деп қазекем дәріптегендей, 24 қанат дерлік киіз үй Сарытоғайдың сайын даласының сәнін асырып жіберді. Байтағымыздың тыныштығы, бейбітшілігі үшін «әмин» десіп, бабалардан медет тілегендер кең жайылған дастарқаннан дәм тата отырып, қазақы қағида, қандастық құрмет туралы тебірене әңгімеледі.

Көптен бері көрісудің сәті түспей жүргендерді қауыштырып, туыстық-іліктік байланыстарын нығайтқан, уыз жастардың білісіп, танысуына мүмкіндік әкелген осындай күн үшін ризалықтарын арнады.

Белгілі ақын Сағынтай Бисенғалиев жырмен төгілген тілегін арнады.

Бекем Бекұлы

Сарытоғай ауылдық округі

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале