9.08.2024, 12:00
Оқылды: 21

Жалынды жастарды жинаған «JAIYQ JASTARY» легері қалай өтті?

Жыл сайын тамыз айының 12 жұлдызында Халықаралық Жастар күні атап өтіледі. Қоғамның қозғаушы күші, жарқын келешектің кепілі – жастардың мерекесі әр жылда ерекше тойланады.

55C08E8B-BB5A-44FD-B1CA-79BB1FF68D21

Биыл аталмыш күнге арналған ұлттық онкүндік өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Әр өңірде республикалық акция аясында түрлі шаралар ұйымдастырылып, Жастар күнін ерекше атап өту қолға алынған. Батыс Қазақстан облысында онкүндіктің шымылдығы Жайық жастарының басын қосқан «JAIYQ JASTARY» лагерімен ашылды.

Атап айтсақ, Батыс Қазақстан облысы қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Болашақ» қауымдастығы 1-3 тамыз күндері Орал қаласының мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжінде облыс жастарына арналған «JAIYQ JASTARY» жастар лагерін ұйымдастырған болатын.

20-35 жас аралығындағы белсенді жастар қатысқан лагердің басты мақсаты – Жайық жастары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, тәжірибе алмасу, қатысушылардың мәселелерін талқылау, оларды шешу жолдарын әзірлеу, ұсыныстарын есту, қабылдау, жастар саясатын жетілдіру. Сондай-ақ тиімді технологияларды, жастар саясаты саласындағы жұмыстың қазіргі заманғы нысандарын оқытып, стратегиялық дамыту саласында өзара іс-қимылдың ұжымдық қағидаттарын қалыптастыра отырып, волонтерлік, коммуникация, медиа-бизнес бағыттарын дамыту. 

Лагерьге он екі ауданнан және Орал қаласы бойынша мәдениет, білім, спорт, ақпараттандыру, тағы да басқа салаларда қызмет ететін жастар, студенттер, еріктілер жалпы саны 100-ден астам қатысушы келді. Ауданымыздан да әр түрлі саладан белсенді деген жастар аттанды. Лагерь бағдарламасы алдын ала ұсынылып, қатысушылар жоспарланған шаралардан хабардар болды.

Бірінші күні ұйымдастырушылар жастарды күтіп алып, орналастырып, имидждік материалдар ұсынды. Кейін ашылу салтанаты өткізіліп, барлығы бір-бірімен танысты.

C035D9F2-CFDB-407C-A6E7-83C25659BCFE

Интеллектуалды ойындар мен спорттық тимбилдингтан кейін кешкілік уақытта «Bolashaq Talks» интеллектуалды алаңы ұйымдастырылды. Самбодан әлем чемпионы Нұрбол Серіков, «Назар аудар» театрының актері Самат Қабдиев, жиынның модераторы, Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының орынбасары Дәурен Шамұратов жастармен кездесті. Биылғы көктемде еліміз бойынша, соның ішінде өңірімізде болған төтенше жағдай кезінде қандай шара болса да белсенділік танытқан облыс жастарының еңбегі – жиынның басты тақырыбы болды.

Негізінде үш күндік лагерьде сөз сөйлеген жандардың барлығы сол сын сағатта жұдырықтай жұмылып, қиындықтарға төтеп беруге өз үлестерін қосқан Жайықтың жалынды жастарына деген алғыстары мен ризашылықтарын жеткізіп жатты. Кездесуде осы тақырып төңірегінде біраз әңгімелер қаузалып, естеліктер айтылды.

Сондай-ақ жастар спикерлердің еңбек жолындағы жетістіктері мен сәтсіздіктеріне қатысты сұрақтарын қойып, өткеннің қызықты сәттерін, болашаққа құрған жоспарларын сұрап, жауаптарын алды. Күліп-ойнап отырып, еркін форматта өткен ашық сұхбаттан кейін жастар қазақша «Stand up» тамашалап, би билеп бір сергіп қалды.

Лагерьдің екінші күні білім беру тренингтерімен басталды. «Коммуникациялар және медиа: журналистер мектебі», «Мобилография негіздері», «Қаржылық сауаттылық», «Бизнес идеялар банкі» атты тренингтер қатысушылардың әр сала бойынша білімдерін арттырып, көзқарастарына жаңа бір леп берді. Білім беру сағаттары өтетін кабинеттер есіктерін айқара ашып, өз ісінің мамандары, аталған салалардың үздіктері тәжірибелерімен бөлісіп, сабақ өткізді.

Тренингтен шыққан жастар бір-бірімен алған әсерлерімен бөлісіп, өз таңдаған бағытының артықшылықтарын жарыса айтып жатқандарына куә болдық. Кейін бағдарлама бойынша командалық жарыстар, спорттық шаралар өтті. Лагерь бойынша өткен байқауларда қатысушыларға дипломдар, бағалы, креативті сыйлықтар табысталды.

Аталған шаралардан кейін таза ауада жастар бас қосты. Әр аудан белсенділері, қала жастары дайындап келген таныстыруларын тарту етті. Олар өз өлкелерінің тарихын, табиғатын, мақтаныштарын, көрнекі жерлерін, ұлы тұлғаларын айтып, әр түрлі форматта таныстырып өтті. Бұл лагерьдің ерекше сәттерінің бірі десе де болады. Себебі өз жерлерін мақтанышпен таныстырған жастардың көздерінен от көрдік, көңілдерінен махаббат сездік.

Жайық жастары бір-біріне деген қолдауларын, ыстық ықыластарын білдіріп отырды. Дәл осы басқосуда қатысушыларға сертификаттар табысталып, барлығы естелік суретке түсті.  

Кейін ашық аспан астында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Жайық жастарымен жүздесті.

– Мемлекетіміздің болашағы, жастар, сіздерсіздер! Егер де біздің жастарымыз рухы биік, білімді, дарынды, еңбекқор, ізденімпаз, отаншыл, жанашыр, елінің нағыз патриоты болса, онда біздің мемлекетіміздің болашағы зор болады. Мен оған кәміл сенемін. Қазір жастарды қолдауға мемлекет тарапынан әр түрлі бағдарламалар бар. Жастар үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Мемлекет басшысының «Әрбір елдің тұрғындарына қарап мемлекетті бағалайды» деп айтқаны бар. Соның ішінде жастарға қарап, мемлекеттің қандай деңгейде екенін білуге болады. Еліміздің жастары, соның ішінде облысымыздың жастары ешкімнен кем емес, әрдайым алдыңғы қатардасыздар. Сіздер біздің мақтанышымызсыздар. Күні кеше ел басына қиындық туғанда алдыңғы шепте жүрдіңіздер. Қазақ жастарының рухы биік. Біздің жастарға сеніміміз мол», - деді облыс әкімі. 

Аймақ басшысының жастармен өткен былтырғы бір кездесуінде баспана мәселесі көтерілген болатын. Сол орайда облыс әкімдігі мен «Отбасы» банкі бірлесіп «Жайық жастары» тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Кездесуде бірқатар жас жанұяға жаңа қоныстарының кілті табысталды. Қазіргі таңда игі істің арқасында 40 жас жанұя баспаналы болды.

Аталмыш бағдарлама алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Облыс әкімі қуанышты еселеп, келер жылы бұл игі істің ауқымын кеңейте түсетінін айтты.

Жүздесу барысында «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағдарламасы аясында өз істерін жүргізіп отырған «Karantino Рroduction» жобасының өкілдері атқарған нәтижелі істерімен таныстырып, алға қойылған мақсаттарымен бөлісті. Облыс әкіміне өз өтініш-тілектерін, ұсыныстарын ала келген жастар да болды.

Айта кетелік, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Нұрлыбек Қайыржанов Орал қаласы аумағында «Жастар» тынымбағын ашу бойынша өз ұсынысын жеткізген болатын. Облыс әкімі өз кезегінде «Облысымыздағы жастардың басым бөлігі Орал қаласында екендігі баршамызға мәлім. Қазіргі уақытта саябақтарда еркін форматтағы мәдени, спорттық шаралар өте көп ұйымдастырылатынын байқап жүрміз. Қаламызда жастардың бас қосып, уақытын тиімді өткізуіне арналған орындар қатары аз. Сондықтан шаһарымызда заман талабына сай, жастардың іс-шаралары мен басқа да бастамаларын іске асыруға арналған орын санын арттыра түсуіміз керек. Бүгінгі кездесуде айтылған бұл ұсынысты қолдай отырып, алдағы уақытта «Жастар» тынымбағын ашу бойынша жұмыстар жүзеге асырылатын болады», - деді.

Өзге де айтылған ұсыныстар қолдау тауып, алдағы уақытта нәтижелі жұмыстар жүргізілетіні айтылды.

Осылайша «JAIYQ JASTARY» жастар лагері қорытындыланды. Қатысушы ретінде жоба жоғарыда аталған мақсаттарына жетті дер едім. Лагерь келгендердің барлығына жаңа таныстықтар, керемет көңіл-күй, жаңаша көзқарас, рухани демалыс сыйлады.

Қатысушылардың ұйымдастырушыларға алғысы шексіз, ризашылығы зор. Жалынды жастардың басын қосқан лагерьде батыс өңірінің қыз-жігіттері білімді, дарынды, бауырмал, отансүйгіш екеніне тағы да көзіміз жетті.

Онкүндік қарқынды өтіп жатыр. Жайық жастары барынша белсенділік көрсетуде. Түрлі бағыттағы іс-шараларды қамтитын акция 12 тамыз күні аяқталады.

Әр кезең бойынша аудандардың, қала жастарының жұмыстарын бағалау жүріп жатыр. алдағы уақытта нәтижесі шығарылып, үздіктердің үздігі анықталатын болады. Ендеше барша жастарға сәттілік тілейміз.

Гүлжазира Асу

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале