9.08.2024, 16:00
Оқылды: 164

Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын

Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны. Жастар саясатының басты мақсаты да олардың толыққанды рухани, мәдени, білім беру және кәсіби дамуына қолдау көрсету. Өйткені жастар – кез келген қоғамның қозғаушы күші.

Биыл Тасқала аудандық жастар ресурстық орталығының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осыған орай аудандық газет бетінен арнайы айдар ашып, оқырман қауымды жастардың жұмысымен таныстыруды жөн көрдік.

Жастар – асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың нышаны. Олар – қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Жарқын болашақ – тарихын тереңінен танып, тілін қастерлейтін, елі мен жерін сүйетін, ойы озық, өрісі кең, рухы биік жастардың қолында. Сондықтан қай уақытта болсын, олардың әрбір істе белсенді болуы маңызды. Иә, игі істің қасынан табылып, бастамашы болар жастар ауданымызда жоқ емес, бар.

Соның бірі – «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігінің басшысы Динара Нұрғалиева.

E5FBE2C8-19B4-403D-8295-10E0FA7E58EB

Оның бұл салаға келгеніне төрт жылдан астам уақыт өтті. Аудандағы жастар саясатына белсене араласып келе жатқан белсенді жас. Динара 1992 жылы 9 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы, Оян ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда екі қыз тәрбиелеп отыр.

2010 жылы мектеп бітірісімен БҚИТУ-ға оқуға түсіп, эколог мамандығын алып шықты. 2020 жылдан бастап Тасқала аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталыққа жұмысқа тұрып, Қосшы ауылдық округінде жастар маманы болып қызмет атқарды.

2022 жылдың наурыз айынан бастап аудан орталығына ауысып, қазіргі таңда жастар ісінің басы-қасында жүрген білікті маман десек, қателеспейміз. Ауданда осындай қыз-жігіттер көп болса, жастар жұмысы да жоғары деңгейде жүретініне сенім мол. Өйткені қазіргі жастар – болашақтың іргетасы, кемел келешектің иесі.

Сондықтан олар жан-жақты, сауатты, ерік-жігері мол азамат пен азаматша болуға тиіс. Жастары белсенді елдің ертеңі де жарқын. Олар қоғамдағы барлық салаға атсалысып, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында аянбай еңбек етуі қажет.

«Жастар ресурстық орталығы – өмірлік тәжірибе беретін жер»

Биыл он жылдық мерейтойын атап өткелі отырған аудандық жастар ресурстық орталығының құрылуына бірден-бір септігін тигізіп, үлесін қосқан Ақылбек Қодаров болатын. Ол 1986 жылы Тасқала ауданы, Атамекен ауылында дүниеге келген. Сол жерден орта мектепті аяқтаған соң Орал қаласындағы «Дәуір» академиясына оқуға түсіп, оны қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдады. Содан кейін Атамекен орта мектебінде тәлімгер болып қызмет етіп, еңбек жолын туған жерінен бастады. Жастар күні қарсаңында біз Ақылбек Исламғалиұлын сөзге тартып, сол кездегі жастардың басын қосқан ресурстық орталықтың жұмысы туралы сұрадық.

49E44303-0A77-4932-8EA0-55ABD32837EC

– Мен 2006 жылы «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігіне Атамекен ауылының жастар жетекшісі болып жұмысқа орналастым. Сол кездері Манарбек Әжкенов, Әлібек Мусин, Әсем Батрашева сынды белсенді жастармен қызметтес болдым. Ол уақытта Манарбек Малкенжарұлы «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы еді. Содан соң ол Батыс Қазақстан облысындағы жастар қоғамдастығына ауысты да, оның орнына мен келіп, «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігін басқардым. Осы кезде жастар ресурстық орталығын ашуға күш салдық. Аталмыш орталық облыс бойынша ең бірінші болып Тасқала ауданында ашылды. Мұнда Нұрсейіт Белгин, Мирас Оразалиев және Зинегүл деген есепші болды, төртеуіміз орталықтың жарғысын өз қолымызбен жасап шықтық.

Әрине, бұл жерде ішкі саясат бөлімінің басшысы Айгүл Дүйсенованың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Жастар ресурстық орталығының құрылуына ол да біраз көмектесіп, өз үлесін қосты. Тоғыз ауылдық округтен штат ашып, жастарды жұмысқа алдық. Құрамымызда есепші, психолог, жастармен жұмыс жөніндегі маман болды. Сол кезде штатта 17 адам қызмет етті. Аудандық бюджеттен ақша бөлінді. Жаңадан жиһаздар мен компьютерлер, музыкалық аппаратура алынды. Ғимарат және автокөлік берілді. Осылайша 2-3 жыл осы саланы басқардым. Соның ішінде үлкен жобалар жасадық. Көршілес Озинка, Саратов облысының жастарымен бірігіп жұмыс істедік.

Біз оларға барып, олар бізге келіп, тәжірибе алмастық. Жастар форумдарын өткіздік. Батыс Қазақстан облысының ең биік нүктесі – Ешкітауға туризм ұйымдастырдық. Сол жерге алғаш болып Батыс Қазақстан облысы жастарының атынан мемориалдық тақта қойдық. Осылайша жастармен үлкен жұмыс атқардық. Уақыт талабына сай жастар теріс ағымның жетегінде кетпеуі үшін имамдармен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмысын жүргіздік. Кешкі уақытта жастар көп жиналатын жерлерде іс-шаралар ұйымдастырып, олардың бір-бірімен танысып, байланыста болуына жағдай жасадық. Одан бөлек салт-дәстүрімізді сақтап қалу мақсатымен «Жігітке жеті өнер де аз», «Қызға қырық үйден тыю» деген тақырыпта іс-шаралар ұйымдастырдық. Қыздарымыздың бір минутта қанша литр сүт сауатынын тексерсек, ұлдарымызды көкпар ойнатып сынадық. Сол кезде осындай іс-шаралардың барлығына жастарымыз белсенді қатысты.

Мәдениет, спорт, медицина, ішкі істер органдары салаларымен тығыз байланыста болып, бірге жұмыс істедік. Қазіргі жастарға айтарым, қоғамдық ортаға көп араласып, пысық болу керек. Әркез ойын ортаға салып, көкейінде жүрген тың идеяны жүзеге асыруға атсалысқаны дұрыс. Өйткені жастар – қоғамның қозғаушы күші. Бұрын өзіммен бірге иық тіресе еңбек еткен белсенді жастың бірі Әлихан Жұмашевтың бүгінде білдей бір жиһаз цехы бар. Ал Гүлзада Сағатова облыста «AMANAT» партиясында жұмыс істеп жатыр. Тағы басқа да жастар жетерлік. Олардың әрқайсысы сол уақытта орталық жұмысының қарыштап дамуына өз үлесін қосты. Негізі, сол кезде жастар ұйымының құрылғаны аудан жастарының өсуіне, өмірде тәжірибе жинауына үлкен қадам болды. Жастар ресурстық орталығы жастарға өмірлік тәжірибе беретін жер деп түсінемін, - дейді Ақылбек Исламғалиұлы.

Назерке Шайхоллақызы

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале