Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов Құрылысшылар күні қарсаңында ауданда құрылыс саласында жемісті еңбек етіп, ауданымыздың инфрақұрылымдық дамуына зор үлес қосып жүрген құрылысшыларды марапаттады.
Аудан орталығындағы «Достық» саябағында Құрылысшылар күніне орай салтанатты шара оздырылып, шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме басшылары, құрылыс саласының ардагерлері, мамандары қатысты.
Сахна төріне көтеріліп, мерекелік лебізін жолдаған аудан басшысы Асланбек Ахметоллаұлы: — Құрметті құрылыс саласының ардагерлері және сала мамандары!
Сіздерді кәсіби мереке – Құрылысшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл ауданымызда құрылыс саласында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы Саралжын елді мекеніндегі 60 орындық мектеп, аудан орталығындағы 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және Қайыңды ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында ауданымыздың 28 ауылында 116 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде және ауданымыздың медицина саласы мамандарын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жаңа тұрғын үйлер бой көтеруде. Сондай-ақ биыл Ақпәтер ауылындағы электр желілері жаңартылды. Бүгінде ауданымызда ауданаралық және ауылішілік жолдардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда «Беспішен – Қошанкөл - Қараоба» бағытындағы аудандық маңызы бар жолдың 15-49 шақырымын күрделі жөндеу, облыстық маңызы бар жол мен Талдыапан ауылын байланыстыратын аудандық маңызы бар жолдың 9-20 шақырымына орташа жөндеу, Қараоба және Бостандық ауылдарының ауылішілік жолдарын қайта жаңарту, Болашақ ауылына кіреберіс 0-1 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары жүруде. Сондай-ақ былтыр бастау алған Жаңатаң ауылына кіреберіс 0-8,8 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеу жұмысы жалғасын табады және Қайыңды ауылындағы ауылішілік жолдардың құрылысы басталады. Сіздердің саладағы еңбектеріңіз ұшан теңіз. Құрыш білекті құрылысшылардың мәртебесі биік, істері ұрпаққа үлгі. Өңіріміздің, ауданымыздың инфрақұрылымдық дамуына қосқан елеулі үлестеріңіз үшін аудан халқы және өз атымнан алғысымды білдіремін! - деді.
Салтанатты шарада аудан әкімі аудандағы бір топ құрылыс саласының ардагерлері мен мамандарына алғыс хаттар табыс етті. Шарада С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары құрылысшыларды құттықтап, олардың құрметіне жырдан шашу шашты.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы,
zhaikpress.kz