13.08.2024, 12:00
Оқылды: 140

Жәнібекте «TortTuIik» мобильді қосымшасы іске қосылды

Биыл Жәнібек аудандық ветеринариялық стансасында белгілі бір жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізуге облыстық бюджеттен 163 162 996 теңге, соның ішінде эпизоотияға қарсы 154 077 101 теңге, энзоотияға (гиподерматоз, псороптоз) қарсы 313 625 0 теңге, санитарлық малды тасымалдауға 471 214 5 теңге, бұралқы иттерді аулауға 800 мың теңге, уақытша ұстауға 437 500 теңге бөлінген.

7D3A89A9-2E4E-449E-91AF-FF03ED2F751C

Сурет: pixabay.com

– Профилактикалық іс-шаралар бойынша жұқпалы ауруларға қарсы екпе егу жұмыстары жоспарға сәйкес толығымен орындалды. Диагностикалық шаралар нәтижесінде 29 500 бас мүйізді ірі қарадан, 42 800 бас ұсақ мүйізді малдан және 67 түйеден қан алынып, жоспардың орындалуына қол жетті. Соның ішінде 197 бас ірі қара малы бруцеллез ауруына оң нәтиже көрсетіп, олар Орал қаласындағы меморандум негізінде бекітілген мал сою орындарына тапсырылды. Ауыл шаруашылығы малын бірдейлендіруге тоқталсақ, биыл аудан бойынша жылдық жоспарға сәйкес мүйізді ірі қараға 27 670, ұсақ мүйізді малға 33 300 сырға беріліп, алты айлық жоспар бойынша 19 700 бас ірі қара, 18 300 бас ұсақ мүйізді мал сырғаланып, АШЖБ дерекқорына енгізілді. Қалғанына жоспарға сай, яғни жылқыға тамыз айында, ал түйеге қыркүйек айынан бастап жүргізіледі, - дейді аудандық ветеринариялық стансаның директоры Мирболат Теміров.

Оның сөзінше, осы жылы иесіз иттер мен мысықтарды аулап, уақытша ұстауға облыстық бюджеттен барлығы 123 750 0 мың, соның ішінде аулауға 800 мың, уақытша ұстауға 437 500 теңге бөлінген екен.

– Күні бүгінге облыстық мәслихаттың 2022 жылғы 12 қазандағы №14-6 шешімімен қабылданған «БҚО бойынша жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидаларын бекіту туралы» ережесіне сай, аудандық ветеринариялық стансаға тұрғындар тарапынан келіп түскен арыз-шағымдарға сәйкес аудан бойынша 200 ит пен мысық ауланып, оның 125-сі биозарарсыздандырылды. Жетпіс бес ит пен мысық жойылды. Иесіз иттер мен мысықтарды биозарарсыздандыру (стерилизация, кастрация) жұмыстарын облыстық ветеринария басқармасымен тікелей келісімшарт негізінде Тасқала аудандық ветеринариялық стансасы биыл шілде айының 1-і мен 10-ы аралығында Жәнібек, Күйгенкөл, Тау және Қамысты ауылдық округтерінде 125 ит пен мысыққа жүргізді, - дейді ол.

Сондай-ақ осы жылдың 1 маусымынан бастап, ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне арналған «TortTuIik» мобильді қосымшасы іске қосылыпты. Жобаны ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК-дегі экономикалық саясатты талдау орталығымен бірлесіп әзірлеген.

– Қосымша ауыл шаруашылығы жануарларының базасын кеңейтуге, сонымен бірге әрбір жануар иесіне (ШҚ, ЖШС, ЖҚШ және т.б.) өз малын түгендеуге көмектеседі. Сондай-ақ қосымшаның арқасында ветеринариялық дәрігерлер ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды уақтылы және толық көлемде жүргізуге мүмкіндік алады. Қосымша смартфонда онлайн режимде жұмыс істейді. Интернет болмаған жағдайда бағдарлама желіге қосылғаннан кейін деректер жаңартылады. Бағдарлама арқылы ветеринариялық төлқұжат алуға болады және болашақта малды сатып алу-сату, жоғалтқан таңбаны ауыстыру, сондай-ақ сойғаннан кейін жануарды есептен шығару рәсімдерін жасауға болады. Қазіргі таңда аудан бойынша «TortTuIik» мобильді қосымшасын пайдаланушылар саны 105-ке жетті, - деді станса директоры сөзінің соңында.

Асқар Қожағұл

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале