14.08.2024, 12:00
Оқылды: 610

Казталовтық отбасыға кәсіптегі жетістігі үшін Қытайдан жүлде бұйырды

Бүгінде бірнеше бағытта жеке кәсіп жүргізіп отырған ерлі-зайыпты Аманжол Сатқанов пен Жанна Біржанқызының ісіне көпшілік сүйсіне қарайды. Бизнес иелері кәсіптерінің ілгері дамуы жолында талмай еңбектеніп, үздіксіз ізденіп келеді.

8BDB4075-D7DE-4FB3-A1B6-273DE393EF61

Аманжол Сатқанов пен Жанна Біржанқызы – Орал қаласында кәсіптерін дөңгелетіп отырған жас отбасы. Отағасы Аманжол Сейітжанұлы «Авто Маркет» автобөлшектерімен айналысса, ал Жанна Біржанқызы тамақ және киім өнімдерімен айналысады. 

Бірнеше кәсіптің басын қосып, ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып отырған Аманжол Сатқанов туған жерін көркейтуде де тынымды жұмыстар атқарып жатыр.

Ауданда республикалық, облыстық бюджеттен және Ұлттық қордан халықтың әлеуметтік осал топтары, «Қаладан – ауылға» бағдарламасына ниет білдірген отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Міне, бұл жұмыстардан жас кәсіпкер де қалыс қалмай, Болашақ ауылына тұрғын үй салу жұмыстарына атсалысып жатыр.

Отбасылық кәсіптің жетістіктері мұнымен тоқтамақ емес. Қазіргі таңда Орал қаласында Аманжол – Қытай елінің Гуанчжоу қаласындағы «AOZOOM DOMAX» фирмасының Қазақстандағы серіктесі.

Жақында Аманжол елімізде «AOZOOM DOMAX» фирмасынының тауарларын көп мөлшерде сатқаны үшін «AWARD GOLD DOMAX» жүлдесімен марапатталды. 

– Біздің отбасылық бизнесті дамытып келе жатқанымызға төрт жылдай уақыт болды. Өзім Болашақ ауылына қарасты Көпкүтір елді мекенінің тумасымын. Жан-жарым Жанна – Әжібай ауылының қызы. Бірнеше жылдан бері Қытай елінің Гуанчжоу қаласындағы «AOZOOM DOMAX» фирмасының Қазақстандағы серіктесімін. Жақында Қытай еліндегі бізбен серіктес фирма қызметкерлері хабарласып, біраз ақпарат сұрады. Ойда ештеңе жоқ, жеткізу қызметіне қажет болар деп аса мән бермедік. Арада күн өткен соң Қазақстан бойынша тауар сатудан жақсы көрсеткіш көрсеткеніміз үшін марапат жолдағанда таңданып, еңбегіміздің еленгеніне қуандық. Кәсіппен айналысу кез келгеннің қолынан келеді. Бастысы, ниет қана. Жастарға, замандастарыма кәсіп ашуға, сол арқылы өзін-өзі қамтуға кеңес беремін. Алдағы жоспар – кәсіпті кеңейтіп, жетістікке жету жолында аянбай тер төгу, - деп әңгіменің басын қайырды кейіпкеріміз.

«Жатқан адамға жан жуымайды» нақылын ұстанатын бұл отбасының тындырымды тірліктері жұртты сүйсіндірмей қоймайды, әрине.

Қай істі бастаса да кәсіптің ебін тауып, барлық істі соңына дейін жеткізгенді жөн санайды.

Кәсіптің қыр-сырын меңгерген ерлі-зайыпты кәсіпкерлердің тынымсыз, елеулі еңбегі көпке үлкен үлгі-өнеге деуге тұралық.

Әсем Болат

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале