16.08.2024, 19:00
Оқылды: 35

Махамбет Дүйсенбиев: «Бетке ұстар спортшылардың қатары көбейіп келеді»

Қазақстанда спорт саласы кең қолдауға ие және әрбір қазақстандықтың күнделікті тұрмысы мен өмірінде ерекше орны бар. Саламатты өмір салтын ұстану, спортты дамыту – ұлт денсаулығы, қылмыс деңгейі, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты, елдің имиджі, ел игілігі үшін маңызды мәселелер кешенінің шешімі екені анық дүние. Сондықтан елімізде спорт саласын дамыту аса маңызды.

B07058AA-6E46-4210-9ED1-83D953883474

15 тамыз – Спорт күніне орай аудан беделін көтеру, өркендеуі жолында биік белесті бағындырып, дүбірлі додаларда жеңіске қол жеткізіп, ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыруға үлесін қосып жүрген спортшылар жөнінде білмек болып, Тасқала аудандық спорт клубының басшысы Махамбет Дүйсенбиевпен тілдестік.

C21E7CCA-0C4D-47CA-8597-74D471359596

– Қазіргі таңда ауданда дене шынықтырумен айналысып жүрген халық саны 6 496 адамды, яғни 39,9%-ды құрайды. Мерей ауылдық округінде жаңадан спорт кешені салынды. Аудан орталығындағы 360 орындық спорт кешенінің құрылысы толықтай аяқталып, қыркүйек айында қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Аудан бюджеті қаражатынан жаңа автокөлік алу ойда бар. Қазір спорт клубында 25 адам жұмыс істейді. Оның ішінде әр ауылдық округке штат бойынша бекітілген тоғыз адам бар. Ауданда командалық спорт түрлеріне басымдық беріліп отыр. Соның ішінде футбол, волейбол және ұлттық ойындар – тоғызқұмалақ, қазақша күрес, ат спорты жақсы дамып келеді. Маусым айында футболдан Тасқала ауданының лигасы басталды. Оған 10 команда қатысып, бақ сынады. 8 тамыз күні жарыс қорытындысы шығып, жүлделі 1 орынды Достық ауылдық округінің командасы жеңіп алды. Ал 2 және 3 орындарды Шежін және Мереке ауылдық округтерінің командалары өзара бөлісті.

Одан бөлек аудан көкпаршылары былтыр облыстық жоғары лигаға жолдама алды. Қазіргі таңда соған дайындалып жатыр. Жалпы айтқанда, аудан жастарының спортқа деген қызығушылығы басым. Сол себептен де болар, бетке ұстар спортшыларымыз қатары көбейіп келеді. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы  футбол құрамасының белді ойыншысы Еркін Тапалов пен қазақ күресінен жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионы, дзюдо күресінен паралимпиадалық ойындардың жүлдегері Талғат Әжіғалиев, сондай-ақ аралас жекпе-жектен жастар және ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионы Қадырбек Шынбаев, «Толағай» алыптар сайысынан БҚО бойынша чемпион Александр Соновты ерекше атауға болады. Александр Сонов республикада өткен сайыста 19 команданың арасынан 11 орынға ие болды. Бұлар – біздің мақтаныштарымыз. Әлі де ауданымыздан талай чемпион шығатынына сенімдіміз. Ол үшін тынбай жұмыстануымыз керек.

Биыл қараша айында қазақша күрестен Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Садық Жақсығұловтың атына турнир ұйымдастыру жоспарланып отыр. Одан бөлек ауданда жаңадан ұлттық спорт түрлері – теңге ілу, қыз қуу, садақ ату сайыстарын өткізу жоспарланды. Бұл енді алдағы уақыт еншісінде, - деді Махамбет Дүйсенбиев.

9C0C75EB-6EB4-43AF-9C5D-53B68FB75ACD

Ауданда спортқа жақсы көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Оған жоғарыда айтып өткен жаңадан бой көтеріп жатқан спорт алаңдары дәлел. Жақын арада қолданысқа берілетін дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы толықтай аяқталған соң жаңа жұмыс орындары ашылып, «Жастар тәжірибесі» арқылы жастарды жұмысқа қабылдап, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы нұсқаушы алып, әртүрлі үйірме ашып, жұмыстанатынын да Махамбет Сатқанұлы әңгіме барысында тілге тиек етті.

Иә, спорт – денсаулық кепілі. Сондықтан әр адам спортпен шұғылданып, өзіне көңіл бөлсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Назерке Шайхолла

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале