23.08.2024, 15:30
Оқылды: 665

Мерейліктер мәдениет үйіне мұқтаж

Тасқала ауданының солтүстік-шығысында тыныс-тіршілігі мамыражай Мерей деген ауыл бар. Бұл елді мекен Мерей ауылдық округінің орталығы. Осы ауыл-аймақтың құрамына Мерей, Аққайнар, Айнабұлақ, Өркен, Тоғайлы елді мекендері кіреді. Тасқала ауданына барған іс-сапарымызда аталмыш ауылға арнайы барып, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен таныстық. Ауыл тұрғындарының игілігі үшін жасалып жатқан жағдайды көріп, тұрғындарды толғандырып жүрген кей мәселені газет бетіне шығаруды жөн көрдік.

0791E876-F56C-4C0A-91FC-D5124BE9CBDC

Малдың игілігін көрген ауыл

Мерей ауылдық округінде 381 түтін, үлкенді-кішілі 1675 тұрғын бар. Бұл ауыл-аймақтың да экономикасының негізін ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Округте 67 шаруа қожалығы, бір ЖШС, мал шаруашылығымен айналысатын 26 жеке кәсіпкер, үш өндірістік кооператив тіркелген. Ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі – мал басын көбейту. Мерейліктердің 84 пайызы мал ұстайды. Осы мақсатта Мерей, Тоғайлы, Айнабұлақ ауылдарының тұрғындары бірігіп, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін құрған. Былтыр 77 миллион 40 мың теңгеге сүтті тұқымды сиыр сатып алуға өтінім берілген. Мақұлданған өтінімдер бойынша 88 асыл тұқымды  мүйізді ірі қара, 314 қой алынған. Бүгінде ірі қаралар төлдеп, сүт өнімдерін ала бастаған. Мерейде былтыр 16 жеке кәсіпкерлік субъектісі ашылған. Бір ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі (АШӨК) жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы бізге Мерей ауылдық округінің әкімі Орынбек Насимуллин айтқан еді.

Сондай-ақ ол ауылдық округте сауда-саттық, кондитерлік өнім, дөңгелек жөндеу сервисі, көлік қатынасы, құс шаруашылығы, мал шаруашылығымен айналысатын 60 шағын бизнес субъектісі тіркелгенін айтты. Ауылдық округте 5360 бас мүйізді ірі қара, 11323 бас  қой мен  ешкі, 1511 жылқы және 3007 құс бар. Соның ішінде: шаруа қожалықтарындағы ірі қаралардың саны – 3328 бас, қой мен  ешкі – 6389 бас, жылқы саны – 1467. Ал үй құстарының саны – 554-ті құрайды.

Мерейдегі шаруа қожалық иелері былтыр «КазАгроФинанс» АҚ арқылы 367 млн 220 мың 710 теңгеге 24 дана ауыл шаруашылығы техникаларын, машиналар мен жабдықтарын сатып алған. Сонымен қатар былтыр 16 жеке кәсіпкер  тіркеліп, жаңадан жұмыс орындары ашылған.

Түлектер тартуы толастамайды

Округтің инфрақұрылымы да жақсы дамыған. Мерейдің басты күрежолы күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындардың облыс және аудан орталығымен қатынасы жақсартылған. Округте бір дәрігерлік амбулатория және екі фельдшерлік пункт тегін медициналық көмектің тізбесі шеңберінде көмек көрсетеді. Дәрігерлік амбулатория «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында күрделі жөндеуден өткен. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Мерей орта мектебі де күрделі жөнделген. Өркен ауылында суды тұщыландыратын модульді блок қондырғы орнатылған. Ауылда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Осының нәтижесінде тұрғындар қайтарымсыз гранттар есебінен бау-бақша егуді кәсіп қылып, өнімін алуда. Тұрғындар 18 га алқапқа картоп және 5 га қарбыз-қауын, өзге де көкөніс түрлерін егіпті.

FF368DD7-4391-435F-A14C-ED66CA61AA33

Мерей ауылының түлектері жыл сайын ауылды дамытуға қомақты қаражат бөліп келеді. Атап айтсақ, ауылдың тұрақты демеушісінің көмегімен 30 миллион теңгеге Мерей ауылының жанындағы «Жиделі» бөгеті тереңдетіле қазылып, айналасын биіктету жұмыстары жүргізілген, Жеңіс саябағы жаңғыртылды, ауылдар маңындағы бөгеттерге 16 мың балық шабағы жіберілді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Ауылдық округке жылына 2 мың түп көшет отырғызылады екен.

Байқағанымыз, Мерей – экономикалық әлеуеті зор, тұрғындары еңбекқор, көшелері көрікті, аулалары ажарлы ауыл екен.

Балабақша ғимаратында бес мекеме орналасқан

Ауылдың мәдени өмірі жақсы болмай, қаланың тәртібі түзелмейді. Оны Мемлекет басшысы да Жолдауында айтқан-ды. Осы орайда мерейліктердің «Ауылымызда мәдениет үйі болса» деген өтініштілегі бар. Тұрғындардың сұранысы бойынша аталмыш ауылдық округтің әкімі Орынбек Насимуллинге Мерейде мәдени іс-шаралар қайда өтеді? Жалпы ұйымдастырыла ма? деген заңды сауалымызды қойдық.

054E6240-CD47-44EC-8744-64866482AE6F

– Ауылда 14-35 жас аралығындағы 318 қыз-жігіт бар. Оқушылар, студенттер, сәби күтімімен үйде отырған аналардан басқасы жұмыспен қамтылған. Жылына 28-30 сәби өмірге келеді. Ауылда екі үлкен мәселе бар.Біріншісі, «Айгөлек» балабақша ғимаратында кітапхана, полиция учаскесі, пошта қызметі және мектепке ауылдардан келіп оқитын оқушыларға арналған интернат пен әкімшілік орналасқан. Балабақша ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді.

Екіншісі, мәдениет үйінің жоқтығы. Мерей – Тасқала ауданындағы тірек ауылдардың бірі. Іс-шаралар білім ошақтарында, мәдени-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылады. Айта кететін жағдай, мәдени-сауықтыру кешені спорттық шараларға арналған нысан. Сахнасы, көрерменге арналған орындығы жоқ. Музыка қосса, жаңғырып кетеді, – деді Орынбек Жамбылұлы.

Мерейліктер атынан Қабдығалиева Тұрсын есімді медиатор ана ауылға таяу жылдары мәдениет үйі салынса деген өтінішін айтты.

FCF6DC36-BEED-4F37-B1B8-8BC9971793C0

Мәдениет үйі жоқ қанша ауыл бар?

Мақала жазылу барысында біз облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиевке хат жолдадық. Қуанышбек Жанболатұлының мәліметіне қарағанда, жалпы Тасқала ауданында күрделі жөндеуді қажет ететін 5 мәдениет үйі бар. Мерей ауылындағы мәдениет үйінің ескіруіне байланысты және де ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша ауылға жаңадан мәдениет үйін салуға 2023 жылы Тасқала ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі арқылы демеушілік қаражат есебінен жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтау жұмыстары басталған.

Жаңа мәдениет үйі жобасына жер телімі анықталып, бастапқы рұқсат беру құжаттары мен инженерлік желілерге қосылу үшін техникалық шарттар алынды. Жобалаушы мекеме – «ПроектСтройИнжиниринг» ЖШС (Орал қаласы). Жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өткеннен кейін, қаражат қарастыруға бюджеттік өтінім жолданады.

A66A29E0-0177-47BD-AE96-00D9E527D687

–  Мерей ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2023 жылы мәдени-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып, биыл 20 наурызда салтанатты түрде ашылуы өтіп, қолданысқа берілді. Қазіргі таңда Мерей ауылында қоғамдық мәдени іс-шаралар мәдени-сауықтыру орталығында ұйымдастырылып келеді. Ауылда 1 (бір) кітапхана қызмет атқарады. Жалпы облыс бойынша 262 клуб мекемесі (оның ішінде  аудандық 12 мәдениет үйі, ауылдық 109 мәдениет үйі, ауылдық 110 клуб, қалалық 31 мәдениет үйі мен клубтар) халыққа қызмет көрсетуде. Сондай-ақ өңірде 14 мәдениет үйі мен клубтар (Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов, Қаратөбе, Теректі, Шыңғырлау аудандары) апатты деңгейде, жарамсыз күйде тұр. Казталов ауданындағы Қайыңды ауылдық клубы, Жаңақала ауданындағы Қырқоба ауылдық мәдениет үйі, Сырым ауданындағы Тоғанас ауылдық мәдениет үйі, Бәйтерек ауданындағы Щапов ауылдық клубы мен Ақжайық ауданындағы Көнеккеткен ауылдық мәдениет үйінің құрылысы былтыр басталды, биыл аяқталуы тиіс. 2024-2025 жылдары Қаратөбе ауданында (Шөптікөл ауылы), Бәйтерек ауданында (Достық ауылы), Казталов ауданында (Қараөзен ауылы), Жәнібек ауданында (Жақсыбай ауылы), Теректі ауданында (Жаңаөмір ауылы) мәдени-спорттық кешен салынбақ. Осылайша, аудан-ауылдардағы мәдени нысандар мәселесі рет-ретімен шешіледі, – деді Қуанышбек Жанболатұлы.

Гүлсезім Бияшева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале