ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 7-18 тамыз аралығында телефон арқылы сауалнама жүргізілді. Іріктемелі жиынтық көлемі 1 200 респондентті құрады. Бұл туралы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтынан мәлімдеді.
Сурет: pixabay.com
Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан респонденттер қатысты.
Жалпы сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі (53,1%) АЭС салу идеясын қолдайды. АЭС салу идеясын қолдайтындар оған үлкен үміт артады, соның ішінде 2030 жылға қарай электр тапшылығы мәселесі шешіледі деп сенеді.
АЭС салу идеясына қарсылар (32,5%) негізінен ықтимал апаттар мен олардың қоршаған ортаға тигізетін зардаптарына алаңдаушылық танытады.
Сонымен қатар әрбір оныншы респондент (14,4%) өз таңдауын әлі жасаған жоқ.
Сондай-ақ, респонденттердің жартысы (51,0%) өздерін АЭС құрылысына қатысты референдумда «қолдау» немесе «қарсы» деп дауыс беру үшін жеткілікті ақпарат пен білім деңгейіне ие деп санайды. Респонденттердің тағы 12,2%-ы толық емес ақпаратқа ие екенін мойындайды.
Сауалнамаға қатысқандардың 31,6%-ы мүлдем ешқандай ақпаратқа ие емес, ал 5,2%-ына жауап беру қиынға соқты.
Сауалнама барысында респонденттердің 42,6%-ы АЭС салу мәселесі бойынша референдумға қатысуға толыққанды ниет білдірді. Тағы 16,4%-ы қатысу мүмкіндігін айтты.
Респонденттердің 25,3%-ы референдумға қатыспауды жоспарлайды, 8,9%-ы шамасы қатыспайды, ал 6,8%-ы жауап беруге қиналды.