БҚО-да полиция қызметкерлері есірткі жасырушыны ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
26 тамыз күні Бөрлі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында, сонымен қатар «Орал – есірткісіз қала» бағдарламасы аясында, есірткіні жасырумен айналысып жүрген 18 жастағы студентті ұстады.
Ол Орал қаласындағы колледждердің бірінде оқитыны анықталды. Оны жеке тексеру кезінде ішінде ақ түсті ұнтақ тәріздес зат салынған 36 зип-пакет табылып, тәркіленді.
Алынған заттар сараптамаға жіберілді. Ұсталған кезде бұл жігіт 4 зип-пакетті жасырып үлгерген.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп жатыр.
Айта кету керек, жуырда БҚО аумағында «Орал – есірткісіз қала» атты нашақорлыққа қарсы бағдарлама іске қосылған еді. Осы бағдарлама аясында нашақорлықпен күресу ісіне барлық мүдделі ұйымдар жұмылдырылды. Аталған бағытта жұмыс жалғасады.
Есірткі қылмысымен күрес – полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында.