28 шілдеде Сырым ауданының ауруханасына күні жеткен жүкті әйел түсті. Әйелден көп мөлшерде қан кетіп, ана мен баланың өміріне қауіп төнгендіктен, Қаратөбеден шыққан жедел жәрдем тобы Жымпитыдағы аудандық ауруханаға шұғыл тоқтауға мәжбүр болған.
Сырым аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары, педиатр Мергүл Сарғозиеваның айтуынша, облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабар салынып, дереу санитарлық авиация арқылы Орал қаласынан мамандар шақыртылды.
Ота бөлмесіне кіргенше сырымдық акушер-гинеколог Ұлдана Нахаева науқастың жағдайымен танысып, Сырым ауданының штаттан тыс гинекологы Альфия Қажмұратовамен кеңесті.
Жымпитыдағы емхананың қызметкерлері, лаборанттар тиісті сынамаларды алып, шұғыл қызмет көрсетті. Сол күні хирургия бөлімінде анестезиолог-реаниматолог Нұрболат Шынтемірұлы кезекші дәрігер болған.
Орал қаласынан келген мамандар тобы – акушер-гинеколог, хирург, анестезиолог-реаниматологтар Жымпиты ауруханасындағы әріптестерімен бірге жүкті әйелге ота жасады.
Қала басынан неонатолог келгенше сырымдық педиатрлар сәбидің денсаулығын тексеріп, анасының құшағына беріп үлгерді. Қазіргі таңда ананың да, баланың да жағдайы жақсы.
Жалпы Қаратөбе ғана емес, Ақжайық ауданының Тайпақ өңіріндегі тұрғындар, Шыңғырлау ауданының күре жолға жақын ауылдарындағы халық Сырым ауданындағы ауруханаға жиі түседі.
Оларға аудан орталығынан гөрі Жымпитыға жету қатынас жағынан да, уақыт тұрғысынан да тиімді.
Кейінгі кезде облыстық ауданаралық көпбейінді аурухана салу мәселесі айтылып жүр.
Жоғарыдағы жағдаяттар жаңа аурухананы Жымпитыдан салу қажеттігін негіздейді.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы