4.09.2024, 16:00
Оқылды: 369

Оралда Асылан Тілегеннің «Мәншүк Мәметова кім?» атты кітабы таныстырылды

Орал қаласында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық «Ұлан» газеті бас редакторының орынбасары Асылан Тілегеннің «Мәншүк Мәметова кім?» атты кітабы таныстырылды. Бұл шара Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінде өтті.

58F4D4DC-CF34-4FCB-A8B8-3D9D80CA451E

Оған Мәншүк Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейдің ұстаздары, оқушылары қатысты. Оқушылар ең әуелі музейдегі құнды жәдігерлермен танысты.

C231DE10-8133-449A-AD53-A0A5AA515050

– Кітапты жазу барысында біраз ізденіп, көптеген дерек таптым. Сол бойынша жүйелі жұмыс істеп, жазуға кірістім. Бұл кітап «Мазмұндама» баспасынан 2 000 данамен жарыққа шықты. Мәншүк Мәметова – Кеңес Одағының Батыры атағы берілген тұңғыш қазақ қызы. Жинақта батырдың балалық шағынан бастап майдандағы ерліктеріне дейін баяндалады. Кітаптағы оқиғаның бәрі Мәншүкпен замандас болған тұлғалардың естелігінен алынған, – деген Асылан Тілеген «Ұлан» газеті редакциясының оқушылардың жазған-сызғанын жариялауға қашанда дайын екенін жеткізді.

28AE7B2D-C304-4E6C-932F-7EEB506DBB19

Жоғарыда аталған музейдің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов Асылан Біржанұлына алғыс білдіріп, естелік сыйлық табыс етті. Кітап ауторына қазақтың қайсар қызына қатысты материалдарды беріп, қолдан келгенше көмектескенін айтты. Оған қоса Мәншүктің өмірі жайында аз-кем әңгімеледі.

93FFED3F-C6FC-45ED-8CE8-B96D20E7F9FD

– Мектебімізде батырдың ерліктерін насихаттау бағытында көптеген шара ұйымдастырылады. Мәметова бұрышында оның өміріне қатысты біраз мағлұмат қамтылған. Биылдан бастап батырға арналған сынып ашылды. Мәншүктану сабағы жүргізіледі. Осындай кітаптардың жарыққа шығуы – біз үшін қуаныш. Мұндай жинақтар батырдың тұлғалық болмысын ашуға көмектеседі. Алдағы уақытта сабақтар барысында ұстаздар осы кітапты оқушыларға ұсынатын болады. Сөйтіп, жинақтың көп оқылуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Тарихи деректерге құрылған кітаптың балалар мен жасөспірімдерге берері көп, – деді М. Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Жулкашева.

Өз кезегінде оқушылар туынды ауторына сұрақ қойып, қызықты ақпараттарға қанықты.

CD0C0015-8EB8-41C2-AE33-7795599BBCA3

Айта кетейік, қазіргі таңда Асылан Тілеген «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы бойынша Батыс Қазақстан облысы жайында кітап жазу үстінде. Бұл ауқымды жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асып жатыр.

Мәрлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале