6.09.2024, 10:15
Оқылды: 190

Ережеп Халимуллин – қолы алтын шебер

Өмірде әрқилы тағдыр бар. Бірінің он екі мүшесі сау, денсаулығы еңбекке жарамды болса да ауырдың астымен жүргісі келмей, жұмыссыз жүргенді жөн көреді. Жеңіл-желпі жұмысты жан қалағанымен, оған бастар жол бәріне бірдей бұйыра бермейтіні анық. Қала жастарына бос жұмыс орындарын ұсыну, жаңа кәсіп бастауға бағдар беру мақсатында ұйымдастырылған «TALPYN» мүмкіндіктер алаңында ағаштан жасалған бұйымдарын көрмеге ұсынған Ережеп Мұқасұлымен әңгіме-дүкен құрдым.

045464BB-B1C2-46C2-9AF8-21ACECE16ADC

Кейіпкер Казталов ауданы Қараөзен ауылдық округіне қарасты Серік ауылында дүниеге келген. Мектепті аяқтағаннан кейін екі жыл әскери борышын өтеп, Алматы қаласындағы техникалық байланыс колледжін тәмәмдаған. Кеңестік кезеңде мамандар тапшы өңірлерге жолдама берілетін. Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына қарасты Хантау ауылына жөнел-тіліп, электромонтер ретінде жұмысқа қабылданып, инженер лауазымына дейін көтерілген.

Алайда «Тасым енді өрге домалайды» деп отырғанда тағдырдың жазуымен 1990 жылы мидың ішінде ісік пайда болып, қажетті ем-шарадан кейін бір қолы мен бір аяғы жарамсыз қалған. Медицина қызметкерлері І топтағы мүгедек ретінде тіркеуге алған. Тоқсаныншы жылдардағы заман ауыртпалығынан хабардар шығарсыз. Еліміз егемендік тізгінін ұстағанмен, жұмыссыздық жайлаған уақыт. Қос бүлдіршіннің кішісі бір жасқа енді толған. Арбаға таңылып отырғанда «Отбасымды енді қалай асыраймын?» деген сауал жиі мазалаған. Тағдыр тығырыққа тіресе, одан шығар жолын да ұсынады. Сынаққа мойынсұнбай ерік-жігерін жиып, ұсталық пен қол-өнерлік қасиетін жетілдіріп, қайсарлық танытқан.

5D147EBE-9CE7-4E8A-8495-894175ED8753

Елде тоңазытқыш, теледидар, радио секілді материалдық техникалар жеткіліксіз, бұзылса жаңасын алғаннан гөрі, жөндету тиімдірек. Осы бір заттарды қалыпқа келтіріп, нәпақасын тапқан екен. Оған қоса ағаштан жасалатын үстел, орындық секілді үй жиһаздарын жасап, сәндік бұйымдар мен ағаштан көне жәдігерлер құрастырып, саттыққа шығарған.

Ережеп Халимуллин – қазіргі уақытта Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылының тұрғыны. 1998 жылы көшіп келіп, сарайын шеберханаға айналдырып, еңбек етуде. «Әке көрген оқ жонар» демекші, балғын балалық шағында әкесі Мұқас бос уақытын бұйым жасаумен өткізетін ісмер адам болған. Баласының еңбекке икемі барын байқаған әкесі Мұқас жанына ертіп, алғашқы өнер туындысын шығаруға көмегін тигізген.

AA670F1A-AE13-449A-90FF-74C728E1B93E

Ұста болу – әркімнің қолынан келе бермейтін айрықша өнер. Өңірімізде қолданбалы өнер туындыларына деген сұраныс артып тұр. Сәйкесінше, қолөнершілер мен оған қызығушылық білдіретін жас буынның қатары да көбейіп келеді. Бірақ дәл осы өнерді жеке кәсіпке айналдырып. отбасылық қызмет ретінде жүзеге асырып отырғандар некен-саяқ. Бүгінде Ережеп Мұқасұлы немересі Ералыны осы кәсіпке баулып келеді.

– Біздің атқаратын жұмыс бұйым жасаумен ғана шектелмейді. Дертке шалдыққаннан кейін Достық ауылындағы ағайын-туысқа жақындауға тура келді. Жастықтың жалыны барда жұмыссыз құр отыру жарамас деп, ерік-жігерімді жиып, теледидар, тоңазытқыш және басқа да техникалық заттарды жөндеуге кірістім. Ағаштан жасалған үйдегі бұйымдарды көршілер көріп, кейін көпшілікке таратты. Алғашында жер үстелі, ет салатын астау бұйымдарына тапсырыстар түсті. Ұлым Арман кішкентайынан жәрдемдесіп жүріп, өзі де ағаш шеберіне айналды. Отыз бес жылға жуық уақыттан бері жасаған бұйымдарының санында қазір есеп жоқ. Сатып алушылар Ресейдің Самара, Өзбекстанның Самарқан қалаларынан арнайы келіп балаларға арналған ойыншық көліктерді алып тұрады. Бұйымға қажетті ағаштарды жолдасым Ләззат сауда орындарынан алып келеді. Көкөніс жәшіктерін пайдаға асырамыз. Көршілер жарамсыз жиһаздарын, қажетсіз қазан қақпақтары секілді жабдықтарды әкеліп тұрады. Соңғы бес жылда кәсібіміз қарқынды дамып, алыс-жақыннан сатып алушылар көбейді. Бәйтерек ауданындағы балабақшада «Ұлттық бұрыш» құрылып, өнімдеріміз қойылды. Қазір «Ер-Мұқас» деген атаумен жеке кәсіпкер ретінде тіркелдік. Мемлекеттен қайтарымсыз грант алдық. Ол қаражатқа жаңа білдек (станок) алу жоспарда бар, – дейді шебер.

Ұстаның шеберханасына жону, бедерлеу, құралдары алынса, бұйымдарды қазақы ою-өрнектермен безендіруге мейлінше көңіл бөлу ойында бар. Тұрмысқа қажетті барлық бұйымды жасауға мүмкіндік бар екенін айтты. Тіпті мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы төрт дөңгелекті арбаны да жасапты. Басқышы мен тежегіші артық күш қажет етпейді. Кейіпкер өзінің қолынан шыққан өнімдерге қызығушылық танытып жатқанына дән риза.

Нұрым Ғұмар

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале