5.09.2024, 16:31
Оқылды: 57

Отбасы күні: көктеректік жұптың отасқанына 50 жыл толады

Өнегелі отбасы – сүйіспеншілік пен құрметтің, ынтымақ пен бірліктің ошағы. Ондай отбасыны кез келген зиялы қоғамның алтын діңгегі депте атауға болады. Мемлекеттің дамуы сол елдегі отбасының аман-саулығына тікелей байланысты. Оның келешегі де жарқын отбасылар арқылы бағаланады.

37F26959-AAFA-4F61-98A6-1620E03154DA

Береке-бірлігі жарасқан, айналасына нұр шуағын шашып жүретін көрікті отбасылар қашан да көпке үлгі болары анық. Шаңырақтың шаттығын ұлттық тәрбиемен ұлықтап, татулықты ауызбірліктерімен көмкеріп жүретін талай отбасыларды көріп, олармен жарқын жүздесіп жүргенімізді несіне жасырайық.

Жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні болып аталып өтіледі. Осынау әдемі мереке тұсында біздер қашанда үлгілі отбасыларды өнеге тұтып, көпке насихаттауды дәстүрге айналдырған болатынбыз. Биыл да сол әдеттен жаңылғанымыз жоқ.

Ауыл тұрғындары арасында көпке үлгі болып, өнегелі істерімен айналасына таныла білген адал жүректі, отбасы құндылықтарын берік ұстанған, әрдайым бір-біріне сүйеніш болып өмір сүруді дағдыға айналдырған Казталов ауданы, Көктерек ауылының тұрғыны Болат Сисенов ағамыздың жанұясын біздер әбден лайық деп танып, мереке қарсаңында татулығы жарасқан осы жанұя мүшелері туралы жазуды жөн санадық.

1974-1980 жылдары жергілікті әкімдіктің, кейін жедел жәрдем мен су таситын көліктің жүргізушісі болып, адал қызмет атқарған Болат ағамыз жергілікті әкімдіктің ұйымдастырған қоғамдық жұмыстарына белсенді араласып, сауаттылығы мен көркем жазу шеберлігіне орай қажетті құжаттарды толтырумен де тұрақты айналысты.

Жан жолдасы Жұмақыз Рахматуллина екеуі үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіріп, бүгінгі таңда сол ұрпақтарынан 8 немере, 10 жиен, 3 жиеншар, 1 шөбере сүйіп, ақсақалды ата, ақ жаулықты әже атанып отыр.

Бір қызығы қыркүйек айындағы Отбасы күні мерекесі қарсаңында Болат ағамыз бен Жұмақыз апамыз отау құрып отбасылы болғандарына 50 жыл толған алтын тойларын қарсы алмақшы екен.

Қазақтың салт-дәстүрінен нәр алып, жанұя шаттығын ел ортасында жүріп-ақ дамыта білген Болат ағамыз бен Жұмақыз апамыз ұл-қыздарын ел қатарлы тәрбиелеп өсіріп, отбасын құрғызып, қазір бауырларынан өрбіген олардың ұл-қыздары бір-бір үйдің түтінін түтетіп отыр. Өздері болса ауылдастары мен дос, құрдас, замандастарына сыйлы, көпке үлгілі отбасылар қатарында бақытты ғұмыр кешуде.

Қолындағы баласы Әсет әке жолын жалғап, өздері құрған шаруа қожалығының жетекшісі атанса, келіндері Алтынғаным ауыл мектебінде ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. Олар ата-аналарымен бірге бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, көпшілікке үлгі болар өнегелі отбасыға айналып отыр.

– Бүгінде біздер үшін туған ауылымыз – Көктерек құтты мекенге айналды. Ұрпағымыз үшін өнегелі деп танылған біздің өмір жолымыз жас отбасыларға үлгі болғанына қуаныштымыз. 50 жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешкен екенбіз. Алдағы уақытта бауырымыздан өрбіген ұрпақтарымыз да дәл біздей ғұмыр кешсін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, - дейді Болат ағамыз.

Қыдыр Харесұлы

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале