6.09.2024, 16:15
Оқылды: 204

Жәнібекте «Отбасы – бақыт мекені» атауымен кездесу кеші өтті

Жыл сайын Қазақстанда қыркүйектің екінші жексенбісінде Отбасы күні атап өтіледі. Сонымен қатар 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күні болып белгіленді.

4AC0794A-2CFA-4F76-B903-E4C7A3AC306B

Аталған мерекелер қарсаңында аудандық мәдениет үйінде «Отбасы – бақыт мекені» атты кездесу кеші өтті. Кештің мақсаты – ауылымыздың бетке ұстар отбасыларының бірі, өнер мен білімді ұштастырып, тәрбиелі, білімді, өнерлі ұрпақты дүниеге әкелген, адал еңбегімен қоғамның үлгілі мүшесіне айналған Есімғалиевтер отбасының үлгілі бейнесін елге насихаттау.

Еске сала кетсек, аудан, облыс көлемінде танымал Есімғалиевтер жанұясының отағасы Төлебек Есімғалиев – Күйгенкөл ауылының тумасы, есімі елге танымал суретші. Ал отанасы Фариза Тұрсынқызы – аяулы ана, ұлағатты ұстаз, ағылшын тілінің мұғалімі, «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгінің иегері.

379DF23A-3927-47FB-B991-7EBEFADA4DB7

Шара басталар алдында ұйымдастыруға үлесін қосып жүрген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Миранбек Ибатов сөз алып, жиылғандарды айтулы мерекелермен құттықтай отырып, 2 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген бағдарларды негізге ала, осындай тәлімі мол шаралардың жас отбасылар үшін, жалпы қоғам үшін маңыздылығына тоқталып өтті.

Аталған шараның ерекшелігі «Үш тұғырлы тіл» саясаты аясында өткізілуі, яғни кештің қадірменді қонағы Фариза Тұрсынқызымен үш тілде ақпарат алмасу, әңгімелесу болды. Кеш барысында Есімғалиевтер отбасының жақын туыстары, әріптестері, замандастары сөз алып аудан игілігі үшін атқарған жұмыстарын, алқалы әулеттің әдемі естеліктерін айтып, ізгі ниеттерімен бөлісті.

Әдемі кештің шырайын Алма Жанай, Шынар Каюпова, Тамара Кафарова сынды аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары кіргізді. Шара соңында кеш жүргізушісі Айымжан Егеуова өз атынан алғыс білдіріп, кештің қадірменді қонақтарына мекеме атынан сый-сыяпаттарын табыс етті.

Арай Сейфолла

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале