Бүгін Жәнібек ауданы әкімдігінде аудан активінің қатысуымен жиын өтті. Басқосуға аудан әкімі Тимур Шиниязов, Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Азамат Сәтпаев, ардагерлер, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары қатысты.
Күн тәртібінде бір ғана мәселе, яғни ротация тәртібімен кадр ауысуы қаралды.
Жиында сөз алған Азамат Әлібекұлы:
– Құрметті аудан активінің мүшелері, осы уақытқа дейін ауданның прокуроры Сәкен Молдашев өзіңізбен қоян-қолтық екі жыл қызмет атқарып келді. Ротация тәртібімен Сәкен Сәрсенбайұлы ауысып жатыр. Облыстың бас прокурорының 2024 жылдың 4 қыркүйегіндегі бұйрығымен Жәнібек ауданының прокуроры болып Асқар Ғылымұлы Мереке тағайындалып жатыр. Сәкен Сәрсенбайұлына сәттілік, ал Асқар Ғылымұлының жаңа қызметіне толайым табыс пен абыройлы қызметті тілеймін, - деді Азамат Сәтпаев.
Аудан басшысы Тимур Серікұлы С.Молдашевқа аудан активі мен аудан тұрғындары атынан алғысын білдіре отырып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Аудан активі атынан алғысхат пен естелік сыйлық табыстады.
Жәнібек ауданының прокуроры Асқар Ғылымұлына сәттілік тілеп, жаңа жұмысы құтты болсын деді.
Өз кезегінде аудандық мәслихаттың төрағасы Тахир Қадимов пен «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалдың төрағасы Амангелді Уәлиев сөз алып, қос прокурордың жұмысына сәттілік тіледі.
Асқар Ғылымұлы Мереке – 1991 жылдың 25 қазанында Орал қаласында дүниеге келген.
2013 жылы Астана қаласындағы М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы