Кеше аудан әкімі Нұрлыбек Даумов ҚР Президентінің 2024 жылғы 15 тамыздағы №623 жарлығына сәйкес бөкейлік қос ана сайқындық Жадыра Қарағойшина мен ұялылық Мөлдір Асқароваға «Күміс алқа» алқасы мен куәлігін табыс етті.
Аудан басшысы көпбалалы аналарға ыстық ықыласы мен жылы лебізін білдіре отырып, ұрпақ санын арттырып, демографияның өсуіне үлес қосқан аналарымыз әр кез құрметке лайық деді.
- Отбасы – адам өміріндегі бағалы құндылықтардың бірі. Жер жаһанда жанұясынан жылулық, ата-анасынан махаббат, шаңырағынан шаттық іздемейтін адам жоқ шығар. Өздеріңізге мәлім, мемлекет басшысының жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні болып бекітілді. Осындай сәулелі мерекеде өздеріңіздей батыр аналарға «Күміс алқа» алқаларын табыстау жақсылықтың нышанындай, - деді.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Лариса Қайырғалиева, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұргүл Омарова, «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Арайлым Есмағұлова да қызмет пен үй тірлігін қатар ұштастырып жүрген көп балалы аналарға ұлт ұрпағын тәрбиелеуде сіңірген еңбектері үшін алғыс айтты.
Арайлым Есмағұлова
Бөкей ордасы ауданы