17.09.2024, 11:00
Оқылды: 104

БҚО-да «Ozinshe» бренді танымал

Осындай атаумен Оралда сапалы күлше (печенье) шығарылады. Өнім өндіру желісін «Орал Агро» серіктестігін басқаратын кәсіпкер Рамин Кабуев құрды. Бірнеше жылдан бері экологиялық таза, ешбір қоспасыз, үлкен сұранысқа ие кондитерлік өнімдерді тұтынушыларға ұсынып келеді. Сонымен қатар «Орал Агро» Ресейдің «Ростсельмаш» компаниясының Қазақстандағы ресми дилері болып табылады.

36CF96F5-C454-439B-9CFD-43FB3332CAE9

Сурет: freepik.com

Зауыт ғимараты 2008 жылы салынды. Ол – өңірдегі ең ірі кондитерлік өндіріс орындарының бірі. Қазір цехта бес қуатты автоматты өндірістік желі жұмыс істейді. Мұнда қатпарлы қамырлы тоқаш және басқа да пішінді, дәмді түрлі күлше, тәттілер пісіріледі. Бұл өнімдердің басты ерекшелігі мынада: өндірушілер тәттілерге ешқандай қоспа яки бояғыштар қоспайды. Өндіруші тұтынушыларға тек жоғары сапалы өнімдерді ұсынатынын айтып отыр.  

– Біз тек жоғары сапалы шикізатты пайдаланамыз. Бұл күндері бізде оқу үрдісі жүруде. Ресейден технологтар келді, енді жуықта Түркия мен Әзірбайжаннан да мамандар Оралға ат басын тірейді. Өндірісті ұйымдастырып, өнімді одан әрі таратуға бағыт-бағдар береді. Әрі қарай ыстық шайды тоқбасармен ішкенді ұнататын жандар үшін баклаваны (пахлава) шығарамыз. Сондай-ақ Германия мен Польшада кәмпит шығаратын екі желіміз дайындалуда, – деді Рамин Кабуев.

Қазіргі уақытта «Ozinshe» брендінің өнімдері нарықта үлкен сұранысқа ие. Компания қызметкерлері әрқашан жаңа технологияларды меңгеруге ұмтылады.

«Біз қатысатын шеберлік сабақтары ұжымдағыларды көбірек жұмыс істеуге, болашақты бағамдауға құлшындырады. Нарықты жаңа өнімдермен, жаңа тауар түрлерімен толықтыруға, қазақстандық өнімдердің сапасы шетелден ағылып келетін тәттілерден кем еместігін көрсетуге ұмтылдырады», – деп атап өтті кондитерлік цехтың меңгерушісі Әмина Кабуева.

Цехтың бірінші қабатында жұмыс қайнап жатыр. Ал екінші қабатта жаңа өндіріс ұйымдастырылады. Өндірістік пеш пен басқа құрал-жабдықтар әкелінген. Сондай-ақ кәсіпкер он жылдан бері сапалы ұн өндірумен айналысады.

– Ұнымыздың құрамында қопсытқыштар, ағартқыштар, консерванттар, химиялық қоспалар атымен жоқ. Бұл – таза ұн, құрамында ақуыз, протеин көп, табиғи және пайдалы, – деді әнтек мақтанышпен Рамин Кабуев.

Кәсіпкер бизнестің бірнеше саласында табысты еңбек етуде. Ол басшылық жасайтын «Орал Агро» серіктестігі ауыл шаруашылығы техникасын сатуға және жөндеуге маманданған. Сонымен қатар өсімдік шаруашылығымен айналысады. Енді кондитер цехы отбасылық кәсіптің өндірістік циклінің тағы бір берік буынына айналады.

Гүлнәр Шәңгерей

Орал қаласы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале