19.09.2024, 9:30
Оқылды: 66

«Дұрыс тәрбие беру – біздің міндетіміз» – Абдрахмановтар жанұясы

Дана халқымыз «Отан – отбасынан басталады» дейді. Бұл дегеніміз ұлтымыздың, еліміздің болашағы отбасы деген сөз. Қазақ халқы отбасы құндылығына ертеден мән берген. Себебі, отбасы ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырады.

1608DC07-6FF5-4ECD-9606-46E08696232C

Бөрлі ауданында көпке үлгі отбасылар баршылық. Бүгінгі кейіпкерлеріміз де солардың бірі – Абдрахмановтар жанұясы. Отағасы Рүстем мен отанасы Индираның отау құрғандарына биыл 14 жыл. Олар үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ата-ана. Үлгілі жанұя үш ұлдан кейінгі гүлдері – қыздарын көп күткен екен. Сол сияқты кейіпкеріміз Индира ер бала дүниеге әкелгеннен кейін қызды болсам деген арманы болғанын жасырмады. Бүгінгі күні ұлдары Исмет 8 сынып, Али 6 сынып, Әділ 2 сынып, ал қыздары Елдана балабақша тәрбиеленушісі екен.

– Әр ата-ана баланың жынысынан бұрын оның денінің сау болғанын қалайды. Дегенмен бәрімізде ұлым немесе қызым болса деп армандаймыз. Менің тұңғышым ұл бала болды. Әр әйел адам ұлды дүниеге әкелгеннен кейін қызды болсам ғой деп армандайтыны сөзсіз. Мен де солардың бірі болдым. Бірақ, тұңғышымнан кейін шекесі торсықтай екі ұл дүниеге әкелдім. Сонымен үш ұлдың анасы атандым. Кейіннен көп күткен қызымыз өмірге келді. Ұл баланы бағып үйренген маған басында қызық болды. Қыз баланың киімін, оның ойыншықтарын таңдаудың өзі мені керемет сезімге бөледі. Әр баланың орны бөлек қой. Мен үшін де балаларымның әрқайсысы ерекше, - дейді Индира Абдрахманова.

Әр қыз баласының мойнына жүктелген ең ауыр міндет – ана болу. Ал соның ішінде көпбалалы ана болу – нағыз ерлік екені сөзсіз. Кейіпкеріміз де көпбалалы ана боламын деп ойламаған екен. Ол ана болудың жауапты екенін біледі. Әр ата-ана баласының әрбір қылығына тамсанып отырады. Индира да баланың алғашқы қалыптасуы отбасында басталады деп санайды. Себебі бала жанұя мүшелерінің айтқан сөздерін, қимыл әрекеттерін қайталайды дейді.

– Халқымыз әуелден ұл баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Әкелері өзінің бар білетін өнерін балаларына үйретіп, әркез дұрыс бағыт-бағдар беріп отырады. Ал қызымызға келсек, ол әкесіне өте жақын. Үш ұлдан кейінгі туған қыз болғасын ба өте нәзік, қылықтары тәп-тәтті, бәрімізге еркелеп жүреді. Өзі кішкентай болса да үй шаруасына икемі бар. Сонымен бірге таза жүргенді жақсы көреді, білсін-білмесін мен, мен деп тұрады. Әкесі қызының бар мінезін көтеріп, бетін еш нәрседен қақпайды. Жолдасым аңшылық пен балыққа шыққанды жақсы көреді. Ұлдарды да анда-санда алып шығып, бірге көңілді уақыт өткізеді, - дейді кейіпкеріміз.

6150E824-E1BE-4C08-B25F-4F4AFCE55F43

30 жасында көпбалалы ана атанған Индира да бала тәрбиесінің өзінің қиындықтары бар дейді. Ол ұл мен қыздың тәрбиесінің айырмашылығы бар екендігін айтады.

– Бала – әр отбасының берекесі, көз қуанышы. Өз басым ұл мен қыздың тәрбиесіне ата-ана бірдей жауапты деп санаймын. Кейбір отбасыларда бала тәрбиесіне тек ана жауапты екенін көзіміз көріп жүр. Мен бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Әке бала тәрбиесіне араласқанының арқасында оларға жақын болады. Ал тек жұмыста жүріп, балаларымен көп араласпаса, балалар да оған тартылмайды. Сол себепті жолдасым екеуміз балаларға көбірек көңіл бөліп, олармен уақыт өткізгенді дұрыс санаймыз. Біз балаларымыздың үлкен жетістіктерге жеткенін қалаймыз. Сол үшін аянбай еңбек етіп келеміз. Балаға дұрыс тәрбие беру ата-ананың басты міндеті. Жолдасым екеуміз балаларымызға үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету керектігін айтып отырамыз. Бала көргенін істеп, естігенін айтатын кішкентай уақытында оларға үлгі көрсету біздің міндетіміз, - дейді көпбалалы ана.

B05E6301-D45D-4A9F-8B48-AB9986E7BDF6

Кейіпкеріміз жолдасының қолдауымен, балаларының көмегімен жеке кәсібін ашып отырған жан. Қызының кішкентайлығына байланысты бала тәрбиесімен үйде отырған кезде қосымша табыс көзі болсын деп, қолөнер бұйымдарын, тойбастар және фотозона жасауды үйреніп алған. Қазіргі уақытта осы шағын кәсібін дөңгелетіп отыр.

Отбасы – әр мемлекет пен халықтың бүгіні мен болашағы. Ата-ана балаларына қандай тәрбие берсе, балалары сол арқылы дамиды. Қазақ халқы «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаған. Тәрбие бала дүниеге келген алғашқы күннен басталады. Ұл-қызын дұрыс тәрбиелеу ол әр ата-ананың басты міндеті.

Шаңырағы биік, босағасы берік бұл жанұяда бір-біріне деген құрмет пен сыйластық бірінші орында. Үлгілі отбасы бақыттың кілті – бірлікте деп біледі. Бұл отбасының өзгелерден дараландырып тұратыны да осы ерекшелігі болса керек.

Айдана Ерболқызы

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале