26.09.2024, 9:30
Оқылды: 61

Тарихқа тың көзқарас: Оралда журналист, документалист Әлия Әшіммен кездесу өтті

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде танымал журналист, документалист Әлия Әшім студенттермен кездесті. Басқосуға оқу орнының оқытушылары, ақпарат саласының өкілдері мен музей қызметкерлері қатысты. Орал қаласы әкімдігінің тапсырысымен «Интеграл» ЖҚБ мен университет ұжымы ұйымдастырған іс-шараға «Тарих және салт-дәстүр» тақырыбы арқау болды.

3BA88043-B263-4C35-A765-C671328E3CDF

Сурет Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ресми парақшасынан алынды

Тарихи-танымдық ақпарат таратып жүрген Әлия Мергенғалиқызы кездесуде құлдық санадан ажырау, тарихқа жаңаша мән беру бағытында баяндады.

«Қазір деколонизация деген ұғым бар. Бұл – құлдық санадан ажырау, тарихқа жаңаша мән беру деген сөз. Өткенімізге жаңаша көзқараспен қарап, осы жолда қазақ әйелдерінің бейнесін, рөлін зерттеп-зерделейміз», – деген Әлия Әшім құрбан көзқарасынан амал етушілер психологиясына қалай өту керектігі жөнінде сөз қозғады.

Қазақтан шыққан, жалпы бүкіл Орталық Азиядан шыққан тұңғыш жоғары білімді  дәрігер әйел Гүлсім Асфендиярова туралы баяндады.  

«Орал тарихы Яик қалашығынан басталған жоқ. Бай шежіре Алтын Орда дәуіріне жататын Жайық қаласынан басталады. Тарихты бүгін біліп қана қоймай, оны болашақ ұрпаққа жеткізудің маңызы зор», – деді маман.

Сондай-ақ Әлия Әшім «Әлем халқы кенгуруды сөз етсе, Австралияны естеріне түсіреді. Ал ақбөкендер арқылы Қазақстанды неге танымайды? Себебі киіктердің 98 пайызы біздің елде мекендейді емес пе?» деген сауал қойды. Әлия Әшім бес сериялы «Қонаев дәуірі» деректі фильміне және репортаж жанрында түсірілген «Желтоқсан» фильміне тоқталып, студенттердің сауалдарына тұшымды жауап берді.  

Кездесу соңында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақ­стан университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Мерген Сүлейменов қонаққа сый-сияпат ұсынып, алғысын білдірді.

Айна Имашева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале