27.09.2024, 11:15
Оқылды: 115

Мерекеде құрылыс қарқыны қалай?

Қазіргі таңда Тасқала ауданына қарасты ауылдардың қайсысына барсаңызда жаңадан салынып жатқан үйлерді көресіз. Жасалып жатқан жолдар мен ауыстырылып жатқан бағаналарға көзіңіз түседі. Яғни алақандай ауылдың жаңару жолында тынымсыз еңбектеніп жатқанын көргенде көзің тояды. Осындай ауылдардың бірі – аудан орталығынан шалғай орналасқан Мереке ауылы. Жуырда аталмыш ауылға атбасын бұрып ондағы жасалып жатқан шаруаларды көзімізбен көріп қайттық.

AFBA2AED-C1A8-4BDF-8C88-6AC9B06250CE

«Мереке ауылдық округінің әкімі болып қызметіме кіріскеннен бері қолға алған ауылдың өзекті мәселелері бар. Солардың бірі – тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру. Қазіргі таңда ауылдың іші СИП-35 кабелімен толықтай жаңартылды. Өткен жылы Ақжігітов көшесіндегі бағаналарды ауыстырған едік. Алдағы күндерде ауылдың іші ескі бағаналардан толықтай тазартылатын болады. Жол мәселесіне келер болсақ, күрделі жол жөндеу жұмысы басталып кетті. Қазіргі кезде ауыл көшелерінде тегістеу және қыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауа райы бұзылмай тұрып жолымызды жөндеп алсақ деген ниетте отырмыз. Шағын және орта бизнесті дамыту бойынша да ауылдастарға түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда алты азық-түлік дүкені халыққа қызмет көрсетеді. Ауылда дәмханамыз бар. Қоғамдық көліктер күн сайын аудан орталығына қатынайды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеті адам 2.5 пайызбен несие алып шаруаларын бастап кетті. Біреуі ірі қара малын сатып алса, қалғандары ұсақ мал басын көбейтіп жатыр. «Тауарлы несие» бойынша да түсіндірме жұмысы жүргізілуде. Жуырда аудан әкімінің орынбасары Р.Бисенғалиев пен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Шүкіров ауылымызға келіп аталған несиенің тиімділігі жөнінде кеңінен насихаттады. Жалпы тұрғындар тарапынан «тауарлы несие» алуға ниеттеніп отырғандар бар. Нақты жалға берушілер болса, алушылар жоқ емес. Сондықтан аталған бағдарламаны жандандыру бағытында жұмыстануды ойластырып жатырмыз. Келісім шарт жасау барысында үш жақты болады. Жалға беруші, жалға алушы және кепілгер. Яғни жалға алушы мен жалға берушінің ортасында ауылдық округ аппараты кепілгер ретінде саналады.

439797AD-0F55-469C-8561-5FAB704C35A0

Ауылымызда құс өсірушілердің қатары көбеюде. Биылдың өзінде ауылға 1 000-ға жуық құс сатып әкелінді. Қазіргі таңда әрбір үйдің ауласында құс бар десек қателеспейміз. Шаруа қожалықтары тіпті молынан асырап жатыр. Көшенің жарық шамдарына келер болсақ, Қалмақ елді мекені толықтай қамтылды. Ендігі кезекте Ақжігітов көшесіне қосымша орнататын боламыз. Биылғы жылы өздеріңізге белгілі болғандай еріген қар суы ауыл адамдарын біраз әбігерге салғаны рас. Осы тұрғыда ауылға келген техникаларды пайдаланып іргелерімізді көтеріп алу бағытында жұмыстар жүргізіледі. Мал басы саны жылма жыл артып келеді. Шекаралық ауылға жататындықтан малдың бағылымы жөнінде айтып түсіндіру жұмыстары күн тәртібінен түскен емес. Малдың қысқы азығы ауыл халқына 4 500-5 000 теңгенің арасында сатылуда. Мектепте бала саны тұрақты. Қазіргі таңда «Қаладан – ауылға» бағдарламасы аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ауылымызда бос үйлер бар. Тек жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. «МерекеЕт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 2021 жылдан бастап өзінің жұмысын жандандыруда. Қазіргі кезде 250-дей аналық бас жайылып жүр. АШӨК арқылы лизингке техникалар сатып алу бағытында жұмыстанып жатырмыз. Ендігі жерде қой бағытындағы ауыл шаруашылығы өндірістк кооперативін құруды жоспарлап отырмыз. Бұл жердегі басты мақсат мемлекеттің игілігін ауыл халқы көру керек.

0A90B6AA-4350-43C5-9399-26E9A20A17FB

Бұндай мүмкіндіктер бола бермейді. Қазіргі таңда аталған мемлекеттік бағдарламалардың түгелге жуығы ауыл халқына арналған. Соны тек дұрыс түсініп, әрі қарай жандандыру керек. Оның субсидиясын алып, игі жұмыстарға жұмсауға болады. Қырқу, қотырға қарсы дәріге шомылдыру жұмыстарын тиімді бағамен жүргізуге қолайлы. Қазір өздеріңізге белгілі жем-шөптің бағасы да құбылмалы. Ал енді бұл жерде АШӨК жұмыс жасап тұрса, бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік бар. Бұл ауыл халқы үшін тиімді, әрі қолайлы деп есептейміз. Қазіргі таңда бойдақ малдарды далалық жайылымда бағуда. Ауылға тек сауын сиырлар кіреді.

Жалпы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысын жандандыратын болсақ, көп нәрсені тиімді бағамен жүргізуге мүмкіндік бар. Тек алға қойған мақсаттан таймауымыз керек. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі ірі қара малына бөлек, ұсақ малға бөлек жұмыс атқарғаны орынды деп ойлаймын. Болашақта ауылдастарымды ауызбіршілікке шақырып, кооперативтің жұмысын дамытуға бар күш-жігерімізді саламыз», - дейді Мереке ауылдық округі әкімі Мэлс Нарыков.

9EDBCE25-8382-4167-8979-B2FE72192930

Сөз басында айтып өткендей Мереке ауылында да жаңа үйлер салынып жатқанын көзімізбен көрдік. Құрылысы жүріп жатқан жаңа үйдің иесіне күш көп болсын айтып, жақынырақ таныстық.

«Жаңа үйдің құрылыс жұмысы маусым айында басталды. Қазіргі таңда құрылыстың біраз жұмыстары аяқтала келді. Енді ішкі жұмыстары ғана қалды. «Әли» шаруа қожалығы сонау 2004 жылдары әкеміздің бастамасымен ашылған болатын. Содан бері үзбей қызмет жасап келе жатырмыз. Әкеміз қазіргі таңда зейнет жасына аман есен жетіп шаруашылықты балаларына сеніп тапсырған болатын. Содан бері өзіміз ағайындар болып жүргізіп келеміз. Аталған қожалық жылқы және ірі қара малымен айналысады.

Шаруашылықты ағайындар болып қолға алдық. Дегенмен қыс мезгілінде ауылдастарды жұмысқа тартамыз. Қысқа дайындығымыз жақсы. Ауылдың іргесіне қысқы мал азығын жинап қойдық. Осы жердің тумасы болғаннан кейін ауылымыздың дамып көркейгенін көргіміз келеді. Жаңадан жолдың құрылысы басталып, ауыл халқын қуантуда. Малдарын көбейтіп, шаруашылығын дамытып жатқан жастарды көргенде көңілің марқаяды. Қалада босқа жүргенше, өзінің туған ауылының дамуына үлесін қосса деймін. Жастардың болашағы жарқын болсын», - деген тілегін білдірді «Әли» шаруа қожалығының мүшесі Марат Баймағамбетов.

38FB59E9-4AA0-4C69-AC51-9C83258BE82E

Алдағы күндері ауылдың көшелеріне тасжол төселіп, көше шамдары жарқырайтын болады. Бұл жөнінде әрдайым жақсылығымен бөлісіп отыратын ауылдағы ақ жүрек ағайынның қуанышында шек жоқ. Осы сапарымызда қолға алынған шаруалардың бастамасын көріп кеттік. Енді бір айналып келсек, Мерекенің тақтайдай тегіс жолдарымен ауылдың ішін шарлаймыз-ау...

Темірболат Тоқмамбетов

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале