Биыл облыста жедел медициналық жәрдем қызметіне жүгінушілер саны 5,5%-ға көбейген. Жыл басынан бергі 8 айда тұрғындардан 229 097 қоңырау келіп түскен. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының директоры Серік Орынбасаров айтты.
Облыс тұрғындарынан келіп түсетін қоңыраулар жеделдіктің 4 санатына бөлінеді. 1-3 санаттағы қоңыраулар шұғыл болып табылғандықтан, оларға «103» бригадалары қызмет көрсетеді. Мұндай хабарламаларға шок жағдайындағы есінен тану, жүрек соғысының бұзылуы, тыныс алу қиындаған кезде, құрысулар, ауыр жарақаттар, қан кетулер және сол сияқты жағдайлар жатады. Осындай қоңырауларға бригадалар 10-30 минут аралығында келуі керек. 4-санаттағы қоңырауларға медициналық-санитарлық алғашқы көмек жанындағы бригадалар қызмет көрсетеді. Оларға әртүрлі созылмалы аурулары, жеңіл жарақаттары, безгегі бар, науқастың өміріне қауіп төндірмейтін басқа да жағдайларға қатысты қоңыраулар жатады. Бір бригада қала бойынша тәулігіне 16-17, ал ауыл бойынша 8-9 шақыртуға шығады.
– Шақыртулардың 53%-ы ЖРВИ-ге қатысты болса, 26,3%-ы тыныс алу жолдарының аурулары бар науқастардан түседі. Бұған қоса стансаға хабарласатындар қан айналымы жүйесі, неврологиялық, жұқпалы және асқазан-ішек аурулары, сондай-ақ хирургиялық, акушерлік-гинекологиялық ауруларға шағымданады. Бұл шақыртулардың ішінде жол-көлік оқиғаларына қатысты қоңыраулар саны көбейді. Көп жағдайда бұл көлік жүргізушілерінің жол ережесін бұзуынан болады, – деді Серік Орынбасарұлы.
Спикердің сөзінше, арнайы көлікке жол бермейтін көлік жүргізушілерінің қатары да көбейген. Осыған орай биылғы 22 тамызда «Жедел жәрдемге жол бер!» акциясы өткен. Оған «103» бригадасымен бірге жол-патрульдік полициясы қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысқан. Рейд барысында дыбыстық және жарық сигналдары қосылған «Жедел жәрдем» көлігіне жол бермейтін көлік жүргізушілері анықталды. Бұл іс-шара жыл сайын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында өткізіледі.
– Жедел медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыру мақсатында облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы қызметкерлері арасында ауруханаға дейінгі кезеңде медициналық көмек көрсетудің халықаралық стандарттары бойынша 2 жыл сайын оқу-тәжірибе жұмыстары ұйымдастырылады. Сонымен қатар стансада симуляциялық кабинет жұмыс істейді, онда медицина қызметкерлері шұғыл көмек көрсету дағдыларын пысықтайды. Кабинет ересектер мен балаларды реанимациялауға, трахея интубациясына, коникотомияға, көктамыр және бұлшықетке дәрі жіберуге арналған муляждармен жабдықталған. Биылғы тамыз айында симуляциялық кабинетке мониторы бар көпфункционалды толық өлшемді тренажер сатып алынды. Алдағы уақытта ауылдық жерлерде жедел медициналық жәрдем аудандық бригадаларының кәсіби даярлығын арттыру мақсатында 4 симуляциялық кабинет жасақтау жоспарланды. Биыл орталық стансада оқу-симуляциялық орталығы ашылмақ. Орталықта «Жедел жәрдем» қызметкерлерінің жаттығу алаңы болады деп күтілуде, – деді баяндамашы.
Аружан Аманжол
zhaikpress.kz