Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы халықаралық конкурс биыл Астана қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылды. Оған Теректі ауданы атынан тәжірибелі әнші Гүлназ Құсайынова қатысты.
– Жалпы аталмыш конкурсқа алыс-жақын шетелден және Қазақстаннан 50-ге жуық үміткер өтінім берген. І кезең 7-17 қыркүйек аралығында онлайн форматта өтіп, 16 үміткер ІІ кезеңге жолдама алды. 27 қыркүйекке жоспарланған байқаудың екінші кезеңінде қатысушылар классикалық және заманауи туындыларды орындады. Осындай таланттар тоғысқан байқауға қатысудың және іріктеуден өтудің өзі мен үшін үлкен жетістік, - деді Гүлназ Рақымғалиқызы.
Байқауға Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алтынбек Қоразбаев, Қырғызстанның Халық әртісі, профессор Роза Аманова, Өзбекстанның Халық әртісі Мансұр Ташматов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Жаннат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Абдуллин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанна Орынбасарова, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Әлібек Альмадиев қазылық етті.
Осындай маңдайға біткен жұлдыздардан оң баға алған теректілік әнші алғысхатпен марапатталды.
Ақтілек Әлібек
Теректі ауданы