«Жанашырлыққа – жан риза» дегендей адам өміріндегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру – олардың қоғам өміріне белсене араласуына, дара қасиеттерін ашуға зор мүмкіндік береді.
Бүгін «Жәнібек» спорт клубында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің ұйымдастыруымен «Мейірбандық күндері» қайырымдылық айлығы аясында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында көпсайыстан аудандық турнир өтті.
Жарыста тир ату, нысана көздеу, қол күресі және дойбы секілді сайыстарда қатысушылар сынға түсті. Ашылу салтанатында «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыхан Кәрімов құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шараға Тау ауылынан келіп қатысқан ерекше жандар да табылды.
Жарыс қорытындысында қыздар арасында қол күресінен 1, 2, 3 орындарды сәйкесінше Айзада Князева, Айнагүл Абдолова, Хойсын Лұқпанова алса, тир атудан бірінші, екінші, үшінші орындарды тиісінше Нұрхан Бисек, Бауыржан Мамашев пен Жұмаш Томпишев иеленді.
Сонымен қатар дойбыдан Расул Болат 1 орыннан, 2 орыннан Жұмаш Томпишев көрінді. Нысана көздеу бойынша Нұфтолла Ғаббасов, Асыланбек Әубекеров, Расул Болат жүлделі I, II, III орындарды иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом мен медаль және естелік сыйлық табыс етілді.
Айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шарада «Ақбастау» қоғамдық бірлестігі демеушілік жасап, сый-сияпаттар ұсынды.
Бану Самат
Жәнібек ауданы