Орал қаласында геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының арнайы жобасымен шыққан «Қаныш және Ғылыми майдан» кітабының таныстырылымы өтеді.
Таныстырылымға мемлекет және қоғам қайреткерлері, ғылым саласының майталмандары, ЖОО оқытушылары мен ғалымдар, докторанттар мен магистранттар және жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері мен БАҚ өкілдері қатысады.
Шара аясында аталмыш кітаптан тыс ертеректе өте аз тиражбен шығып, ғылыми айналымға түсіп үлгермеген және қайта басып шығаруға рұқсат етілмеген «Бала Қаныш оқыған кітаптар» топтамасы мен «Қаныштың жастық шағы», «Жас Қаныш» және «Қуғындалған Сәтбаев» кітаптары да таныстырылады.
Кітаптар – қоғамда үлкен сұраныста, өйткені академиктің болмысы, өмір жолы, ғылым жолындағы жанқиярлық ерліктері экзистенция анализі арқылы талданған. Әсіресе 1946 жылы ашылған Қазақ Ғылым Академиясының тарихы мен жетістігі кеңірек баяндалған.
Замандастары М.Әуезов, Ж.Шаяхметов, Ш.Шөкин, Ш.Есенов, Е.Бөкетов, Е.Ысмайлов, Б.Кенжебаев сынды ғалымдардың көп жерде кездесе бермейтін, жарық көрмеген тың деректері қамтылып, ұсынылған. Қазақ мәдениеті мен танымына және ұлтшыл тұлғалардың өміріне қызығатын барша оқырманға арналған.
Айта кетейік, «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры – даналық пен даралықтың насихаты, мән іздеген жандарға арналған экзистенциялық әдебиеттер мен құндылықтар қоймасы.
Кітап таныстырылымы Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында 1 қараша күні сағат 16.00-де өтеді. Кіру – тегін.