Жүргізуші құқығынан айырылғанына қарамастан көлік басқарған 1,5 мың адам ұсталды. Бұл туралы ІІМ Ақпараттық саясат департаментінің басқарма бастығы Бауыржан Максимов мәлім етті, деп жазды ҚазАқпарат.
Сурет сайт архивінен / zhaikpress.kz
«Республика бойынша «Учаске» және «Құқықтық тәртіп» кең ауқымды жедел-алдын алу іс-шаралары жүргізіліп, оған 16 мыңнан астам полиция қызметкері мен ұландықтар жұмылдырылды. Үш күн ішінде 1 260 қылмыс тіркелді. Оның 858-і кезекші тәулікте ашылды. Тыйым салынған заттарды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін 180 адам, оның ішінде 78-і есірткі үшін, 54-і атыс қаруы үшін, 31-і суық қару үшін ұсталды. Есепте тұрған 39 мыңнан астам адам тексерілді. Оларға қойылған шектеулердің 392 рет бұзылғаны анықталды», - деді басқарма бастығы министрлікте өткен брифингте.
Оның дерегінше, үш күн ішінде 9 мыңнан астам қараусыз қалған үй, 17 мыңнан астам саяжай және 13 мыңға жуық пәтер тексерілді.
«29 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Олардың ішінде ұсақ бұзақылықтың – 547, алкогольдік ішімдіктерді ішудің немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүрудің – 3 300, тыныштықты бұзудың – 1 245, қорғау нұсқамаларын бұзудың – 152, әкімшілік қадағалауды бұзудың – 63, қарсы жолаққа шығудың – 201, көлік құралын мас күйінде басқарудың 274 фактісі бар. 4 390 жаяу жүргінші ереже бұзған. Сонымен қатар, 1,5 мың адам жүргізуші құқығынан айырылғанына қарамастан көлік басқарған», - деді Бауыржан Максимов.