Бүгін Теректі ауданына Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауының арқасында «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының ұйымдастыруымен жолға шыққан «Жастар керуені» келді. Маңызды мақсатты арқалап жолға шыққан керуен әзірге бес ауданға аялдаған. Өңірдің он екі ауданына баруды көздеп отыр.
Оларды Теректі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жандос Сұңғатов пен бір топ теректілік жас қарсы алып, қазақы дәстүрмен дәм ұсынды. Жастарды қоғамның қозғаушы күші, елдің болашағы, мемлекеттің ең белсенді бөлігі десек, олардың әлеуетін толық ашу үшін мемлекет түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып жатқаны ойға оралады. Дегенмен шалғай ауылдардағы көптеген жас бұл бағдарламалар туралы мардымды ақпарат пен керек мәліметтерді ала алмай отыр. Міне, аталған кемшілікті жойып, тығыз байланыс орнату мақсаты үшін «Жастар керуені» жобасы білек сыбана іске кірісті. Бұл жоба аясында Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауын, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы мен «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» сұқбатын жастар арасында түсіндіруді ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды жетілдіру бойынша ауыл және оқушы жастардан ұсыныстар жинау да негізгі жұмыстар қатарында екен.
Жастардың арман-тілегін алға оздыра келген керуен аудандық мәдениет үйінде жастармен жүздесті.
Алғашқы сөз кезегін алып, ілтипат білдірген Жандос Әміржанұлы жоба құрамымен таныстырды. Жоба жетекшісі, Тарих ғылымдарының магистрі Айболат Құрымбаев:
- Бұл жобаның арқасында жастардың жұмыссыздық деңгейі жылдан-жылға төмендеп, бизнес түрлерін ашқан жастар көбейіп келеді. Ресми статистика да осыны растап отыр. Мемлекеттің жастарға деген қолдауының нәтижесінде оң өзгерістер байқалуда. «Жастар керуені» - ақпараттық-түсіндірме жұмыстарына бағытталған жоба. 11-27 қараша аралығында Сырым, Қаратөбе, Бөрлі, Шыңғырлау, Теректі, Тасқала, Бәйтерек, Ақжайық, Казталов, Бөкей Ордасы, Жәнібек, Жаңақала аудандарында 1300-ге жуық жаспен кездесулер өткізіледі. Кездесулер барысында жастардың өзекті мәселелері тыңдалып, оларға мемлекеттік бағдарламалар, ұлттық құндылықтар, кәсіпкерлік, отбасы тәрбиесі және тағы да басқа тақырыптарда ақпарат беріледі. Тренерлер жастармен пікір алмасып, олардың сұрақтарына жауап береді. Спорттың түрлі салаларынан жетістікке жеткен жас спортшылар бос уақытты тиімді өткізудің жолдарын үйретеді. Кездесулер концерттік бағдарламалармен әсер сыйлап, жастардың көңілдерін серпілтеді. Әр ауданның жастарының өзекті мәселелері мен пікірлері әр түрлі болғанымен, жобаның мақсаты – оларға қолдау көрсету және болашаққа сенімділікпен қарауға бағыттау,- деді өз сөзінде.
БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сәрсенбаев аталған жобаның мақсаты мен мән-маңызына тоқталып өтті. Жүздесу барысында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Қадырбек Бегманов жоғары әскери оқу орындарына қалай құжат, емтихан тапсыру керектігі жөнінде баяндады. Сондай-ақ әскери қызметті қалайтын жастарға әрдайым есіктің ашық екенін, барынша қолдау көрсететінін тілге тиек етті. «Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы» аудандық филиалының төрағасы Қайыржан Жүнісов ақ батасын беріп, жобаның мақсатына жетуіне тілектестік білдірді. Маңызы айқындалған кездесу концерттік іс-шараға ұласты. Сексен жылдық тарихы бар Құрманғазы атындағы саз колледжінің дарынды студенттері ән мен биден шашу шашты. Әрмен қарай «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының Батыс Қазақстан бойынша өкілі Светлана Дүйсенбаева отбасы құндылықтары хақында, Әлішер Ғұмаров видеография саласы бойынша, «Batys Oil» тренинг орталығының нұсқаушысы Светлана Тенишева «Алғашқы көмек көрсету дағдыларын оқыту», жоба жетекшісі Айболат Құрымбаев «Волонтерлық қызмет» тақырыптарында жастарға тренинг өткізді. Білгендерімен бөлісіп, тәжірибе алмасқан құрам тарихтан аттап өтпей, аудандық музейге бас сұқты.
Экскурсовод Гүлім Жұбаниязова тас дәуірінен Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі жәдігерлермен таныстырды. Таңырқап, музей жұмысына жоғары баға берген жастар керуені директор Аманжол Сәлімовке кітап сыйлады.
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы