Бүгін С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында «Ардагерлер әуені» вокальдық тобының құрылғанына 10 жыл толуына орай «Ән салады, ардагерлер» атты концерті өтті.
Ардагерлер бүгінде зейнет демалысына шыққандарына қарамастан Казталов ауданының қоғамдық өміріне белесене араласып, жас ұрпаққа үлгі боп жүр. Ата-бабамыз «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп бекер айтпаған. Ардагерлеріміздің репертуарында халықтың бірлігі мен ынтымағын, ұлтымыздың ұлғатты салт-дәстүрлерін сақтауға, келешек ұрпақтың бойынан патриоттық сезімді оятуға және қазақтың ұмыт болып бара жатқан туындылары да баршылық. «Ардагерлер әуені» вокальдық тобы облыстық, халықаралық байқаулардың белсене қатысып, түрлі жетістіктерге жетіп жүр.
Мерекелік концерт «Ардагерлер әуені» тобына арналған бейнероликпен басталды. Ақсақалды аталарымыз бен ақжаулықты әжелер киелі сахнада өнер көрсетіп, сыңғырлаған дауыстарымен көрерменге халық әндері, Қазақстан композиторларының және жергілікті ақын-сазгерлердің әндерін шырқап, ауданның ән өнерін көкке шарықтатты.
«Ардагерлер маршы», «Мен сендерді іздеймін», «Дей салдым-ай», «Көз көргендер», «Кешікпей келем деп ең», «Тербеледі тың дала», «Маржан қыз», «Казталов вальсі», «Ауыл кеші», «Қара көз», «Казталовым тұр жайнап», «Жолыққан Қандай жақсы», «Күн дидарлы Қазақстан» әндері мен «Қара жорға» биі көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сонымен қатар «Анамның ақ жаулығы» атты мағынасы терең көрініс сахналанып, көпшіліктің жүрегінен орын алып, ыстық ықыласқа бөленді.
Кеш соңында өнер сүйер көрерменге рухани азық сыйлаған «Ардагерлер әуені» вокалдық топ ұжымына Казталов ауылдық округі әкімі Е.Ғалымов, аудандық ардагерлер ұйымның төрағасы Жүсіп Шакуов, Казталов аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ернар Ильясов ардагерлерді құттықтап, алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Бостандық ауылының «Асыл әжелер» ансамблі «Ардагерлер әуені» вокалдық топты құттықтап, естелік сыйлық пен дәм табыстады.
Гүлнұр Сәуірғалиқызы,
Казталов ауданы