ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, дәстүрлі әнші Сағадат Рахметжановтың «Өнерім — өмірім» атты ән кеші өтті.
Бұл концертті әншінің 65 жасы қарсаңында елге есеп беру кеші десек те болады. Өйткені мерейтой иесі соңғы 15 жылда елдің алдына шығып, жеке концерт бермегенін сөз арасында өзі айтып өтті.
Шараны ҚР Мәдениет саласының үздігі, дәулескер күйші Дәулеткерей Құсайынов тізгіндеп, «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблі қатысты.
Кеш дәстүрлі ән, терме, қазақтың қара өлеңдері секілді үш бөліктен құралды.
Дәстүрлі ән бөлігінде Мұхит, Ғарифолла, Таңжарбай мен халық әндері шырқалса, терме бөлігінде Сәттіғұлдың, Әбубәкір Кердерінің термелері орындалды. Қара өлеңдерге кезек келгенде кеш иесі Маңғыстаудан бері қарай Орал, Қаратөбе топырағын аралап шықты.
Шара барысында ізбасар іні-қарындастары Д.Есентеміров, Ф.Оразов, А.Мұхамбетжанова, С.Ешкаевтар өнер көрсетті.
Сағадат Ғаднасарұлына Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев облыс әкімі атынан құттықтау хат пен естелік сыйлық табыстаса, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік Одағы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Айдар Батырханов «Мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі мен қажырлы қызметі үшін» алғысхат және «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттады.
Жерлестері де арнайы келіп құттықтады. Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев елдің атынан құттықтау хатқа қосып ат-шапанды ақ конвертке сыйғызып берді.
«Ақжол» Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясы басқармасының төрағасы Тоқтар Дусенбаев та кеш иесін құттықтады.
Осылайша сахнаның саңлағы Сағадат Рахметжановтың ән кеші жоғары деңдейде өткеніне Жайық жұрты куә болды.
Айжан Амангельдина