22.11.2024, 10:30
Оқылды: 27

Құрманғазы атындағы саз колледжі –талай жұлдыздар қанаттанған өнер ордасы

Осы аптада қаламыздағы «Атамекен» өнер ордасында Құрманғазы атындағы саз колледжінің 80 жылдық мерейтойына арналған «Киелі өнер ордасы» атты мерекелік концерт өтті. «Құрманғазы – ұлттық музыка мен мәдениеттің тірегі» атты көрмеден бастау алған іс-шара мерейтойлық кешке ұласты. Бұл өнер, тарих және дәстүр тоғысқан ерекше кеш болды.

М Салык

Суретті түсірген: Мәди Салық

Орал музыкалық училищесі 1944 жылы 24 тамызда ашылған. 2012 жылдан бастап «Құрманғазы атындағы саз колледжі» МКҚК-ның директоры болып Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегі, ҚР Бі-лім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Сертеков тағайындалған.                                                                                                                       

Құрманғазы атындағы саз колледжі ұжымы – Қазақстандағы орта білім беретін кәсіби оқу орындарының арасындағы бірден-бір үздік ұжым. Колледж түлектері еліміздегі және алыс-жақын шетелдегі шығармашылық ұжымдарда еңбек етуде.

– 80 жылдық тарихы бар Құрманғазы атындағы  саз колледжінен шыққан мамандар – еліміздің мақтаныштары. Атап айтсақ, КСРО халық әртісі Роза Жаманова, ақын әрі жыршы Қатимолла Бердіғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Донеділ Қажымов, Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының солисі, пианист, композитор Саида Халықова, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің бас концертмейстері, белгілі күйші Батыржан Мықтыбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Айтжан Тоқтағанов, Мәскеу филармониясының жеке орындаушысы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов және тағы басқалар. Олардың ізін басып жас ұрпақ, жас жұлдыздар жарқырап туып келеді. Үлкен мақсаттарға  қол жеткізу үшін ұстаздар қауымы аянбай еңбектенуде. Қасиетті өнер өрісінің кеңеюіне, ұлттық өнердің мәртебесінің өсуіне ұстаздардың еткен еңбегі зор. Өнер көші тоқтамасын, – дей келе облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев колледждің көркеюіне, өнердің қарыштауына сүбелі үлес қосқан бірқатар ұстаздар қауымын алғысхатпен марапаттады.

Қазіргі таңда колледждің 432 студентіне 95 педагог дәріс оқып, тәлім-тәрбие беруде. Барлық ұстаз – кәсіби білікті мамандар. Оның ішінде ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкерлері Нұржан Сертеков, Светлана Бралиева, Жамиля Нұрымбетова, Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегерлері – Игорь Шмидт, Владимир Баяндин, мәдениет саласының үздіктері – Ермак Молдабеков, Мұрат Аманшиев, Ербол Ғұбайдуллиндер бар. Колледж студенттері кәсіби байқаулар мен республикалық, халықаралық  фестивальдердің лауреаты.

Атап айтсақ, «Жұбанов көктемі» фестивалінде хор ұжымы, «Серебряный пассаж» атты халықаралық байқауда арнайы фортепиано бөлімінің оқушысы Мария Сидорова, Прага қаласында өткен ұлттық аспаптар халықаралық байқауында Архат Самғазы, РФ Орынбор қаласында өткен «На Николаевской» халықаралық байқауында «Инабат» би ансамблінен Зарина Искак лауреат атанған.

Кеш барысында бірқатар педагогтер ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін және облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасын иеленді. Бұл шара колледждің музыкалық мұрасын дәріптеп қана қоймай, оның ұрпақ тәрбиелеудегі айрықша рөлін айшықтады. Сахна төрінде дәстүр мен жаңашылдықтың үндестігі ерекше байқалып, шынайы өнер салтанат құрды.

Жанерке Мерекеқызы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале