23.11.2024, 17:30
Оқылды: 6

Мичуриндіктер жарықтан тарықпайтын болады

Күл-қоқысты шығару жұмыстарына мичуриндіктердің 60 пайызы ғана төлеп отыр. Тіпті берешегі 100 мың теңгеден асқан тұрғындар да жоқ емес. Төрт-бес жылдан бері бір тиын төлемеген бұл жандардың ішінде коттеджде тұратындары бар. Темекі, ішімдік секілді нәрселерге ақша табылады, ал айына 224 теңге болатын қоқысқа қаржы жетпейді.

IMG-20241123-WA0006

Бұл туралы аудан әкімі Марат Тоқжанов Мичурин ауылында өткен есептік кездесуі кезінде айтты. Аудан басшысының сөзіне қарағанда, сенбілік секілді тазалық шараларына белсенділік танытып шығатын мичуриндіктер аз. Сөздің шыны керек, көпшілік қоқыс атаулысын біреу жинағанын күтеді. Тіпті ауласының маңын тазартуға да мән бермейді.

IMG-20241123-WA0002

Жиын барысында сөз алған «ОралТазаСервис» ЖШС-ның өкілдерінің айтуынша, бүгінгі таңда Мичурин мен Асан ауылдары тұрғындарының берешегі 7 млн. теңгені құрап отыр. Осындай қарызға қарамастан аталмыш ауылдардан күл-қоқыс уақтылы шығарылуда. Ал тұрғындар әлі күнге дейін ескі не сынған жиһаздарын, унитаз, раковина, құрылыс қалдықтары сынды заттардың бәрін контейнерге салады. Бұл тасымалдау жұмыстарында айтарлықтай қиындық тудырады.

IMG-20241123-WA0000

Ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген өзекті мәселенің бірі электр жарығына қатысты болды. Тұрғындар санының өсуіне, трансформатор қуатының жетпеуіне, желінің, бағандардың тозуына байланысты свет жиі сөнетін жерлер бар.  Өз кезегінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов қазіргі таңда Мичуринді электр жарығымен сапалы түрде қамту үшін арнайы жоба дайындалғанын баяндады. Аудандық құрылыс бөлімімен жасақталған жоба БҚ ТЭК-ке жолданған. Тиісті сараптамадан өткен соң БҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасымен келісілетін болады. Егер бәрі ойдағыдай болса, көп кешікпей бұл бағыттағы жұмыстар басталады. Содан кейін мичуриндіктер жарықтан тарықпайтын болады.

IMG-20241123-WA0001

Жиында сондай-ақ ауылішілік жолдарды жөндеуге, бұралқы иттерге, қоғамдық көліктің жүру уақытына қатысты және өзге де мәселелер көтеріліп, оған жергілікті атқарушы құрылым, тиісті сала басшылары жауап берді.

IMG-20241123-WA0005

Өз баяндамасында аталмыш ауылдық округтің әкімі Максим Мусалимов атап өткендей, биыл Мичуринде он шақты көшедегі ауылішілік жолдар күрделі жөнделді. Асан мен Мичуриндегі көшелердің жолдарында пайда болған шұңқырларды бітеу жұмыстары да жүргізіліп, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынады. Аталмыш ауылдарға төрт аялдама және көліктің жылдамдығын тежейтін жасанды кедергілер (искуственные дорожные неровность) қойылды. Мичурин, Асан, Октябрьское ауылдарындағы бес жерге баларға арналған ойын кешендері, спорттық жаттығу құралдары орнатылды. Одан бөлек Мичурин мен Асандағы көшелерді жарықтандыру жұмыстары жалғасын тапты. Алдағы жылы да осындай бағыттағы жұмыстар жүргізілетін болады.

 

Серік Маратұлы

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале