Тек 2024 жылдың 9 айында екі мыңнан астам әйел отбасындағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған.
Бұл туралы БҚО прокурорының бірінші орынбасары Даурен Умаргалиев мәлімдеді. Ол бұл ақпаратты прокуратурада өткен үйлестіру кеңесінде айтты. БҚО прокурорының бірінші орынбасары осы қылмыстардың алдын алуға қажетті шараларды қолданбай отырған мемлекеттік органдарды сынға алды.
БҚО Прокуратурасында заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Батыс Қазақстан облысының Үйлестіру кеңесінің отырысы өткен болатын.
Кеңес отырысында 2023 және 2024 жылдың 9 айындағы балалар суицидінің, тұрмыстық зорлық-зомбылық және қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар профилактикасы бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі талқыланды. Кеңесті БҚО прокуроры Серік Шалабаев өзі жүргізді.
Үйлестіру кеңесінің отырысына БҚО әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, БҚО ПД басшылық құрамы, облыстық ТЖД басшылығы және әдістемелік кабинеттердің жетекшілері қатысты.
Алдымен БҚО прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Умаргалиев облыстағы балалар арасындағы қылмыстың жай-күйі туралы баяндады.
Облыс прокурорының бірінші орынбасары балаларға қарсы қылмыс пен отбасындағы қылмыстардың саны үш есеге өскенін атап өтті.
– Өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда осы жылдың 9 айында балаларға қатысты жасалған қылмыстар саны 28%-ға, отбасы-тұрмыстық салада – 484% өсті. Соңғысының қарқынды өсуі «ұрып-соғу» мен «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірудің» осы жылдың маусым айынан бастап әкімшілік құқық бұзушылықтан қылмыстық құқық бұзушылыққа ауысуымен байланысты, - деп атап өтті БҚО прокурорының бірінші орынбасары Даурен Умаргалиев.
Үйлестіру кеңесінде сөз алған облыс прокурорының бірінші орынбасары Даурен Умаргалиев балалар мен әйелдерге қарсы қылмыстармен тиісті деңгейде күреспей отырған мемлекеттік органдарды сынға алды.
– Жасалатын қылмыстар үшін жауапкершілік тек оларды жасаған адамдарға ғана жүктелмейді, мұнда қылмыстың алдын алу үшін барлық қажетті күш-жігерді қолданбаған немесе әрекетсіздік танытқан мемлекеттік органдар да кінәлі. Осы жылдың 9 айында 2 мыңнан астам әйел отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырады. Отбасындағы агрессорлардың мінез-құлқын, менталитетін және құқықтық санасын өзгерту үшін жүйелі және кең ауқымды жұмыс қажет. Бірақ мұндай шаралар жасалмайды, нәтижесінде әйелдер мен балалар зардап шегеді, - деп атап өтті БҚО прокурорының бірінші орынбасары Даурен Умаргалиев.
Жанат Көшкінбай
zhaikpress.kz