Оралда полиция «The Bar» түнгі клубының жұмысын тоқтатуды сұрады. Бұдан бөлек тәртіп сақшылары басқа түнгі клубтардың жұмысын түнгі 02:00-ге дейін қысқарту туралы ұсыныс айтты. Бұл ұсынысты БҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция басқармасының бастығы Ернар Сұлтанғалиев тастады. Себебі соңғы жылдары түнгі клубтар қылмыстың ошағына айналып отыр деді тәртіп сақшылары.
Ал БҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болатбек Акшауов алкомаркеттердің санын реттеу туралы ұсыныс айтты.
Бүгін «AMANAT» партиясының БҚОФ жанындағы партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Отырысқа комиссия мүшелері мен полиция өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде түнгі мезгілде қызмет көрсететін ойын-сауық орталықтарындағы тәртіп мәселесі мен алкоголь өнімдерін сататын дүкендердің санын реттеу мәселесі қаралды.
Бірінші баяндамашы БҚО Жергілікті полиция қызметінің бастығы Ернар Сұлтанғалиев түнгі клубтардағы жағдайдың мәз еместігін айтты.
– 2024 жыл басталғалы тек түнгі клубтардың өзінде 80 қылмыс тіркеліп, тергеу жүргізілді. Түнгі клубтарда ұрлық, бұзақылық жасау, мүлікке залал келтіру, адам денсаулығына қасақана зиян тигізу, тонау, алаяқтық, есірткіге қатысты қылмыстар тіркеледі. Атап айтқанда «Central karaoke», «Monreal», «The Bar» «Лас Вегас», «Чечел Паб» түнгі клубтары мен «Али», «Алғабас» кафелерінен полицияға шақырту өте көп түседі. Осылардың ішінде «The Bar» түнгі клубында 9 қылмыс тіркелді. Осы клуб полицияны 28 рет шақырды. Талдау нәтижелерінен байқағанымыз қылмыстардың көбі түнгі 02:00-ден кейін болады. Түнгі уақытта клубтардың жұмыс істеуі қылмыс жасауға бейім азаматтардың жиналуына, олардың әр түрлі құқық бұзушылықтар жасауына жағдай туғызып отыр. Біз жоғарыдағы қылмыстарды есепке ала отырып «The Bar» түнгі клубының жұмыс істеуін тоқтатуды сұраймыз. Ал қалған түнгі клубтардың жұмысын түнгі 02:00-ге дейін шектеуді қарастыруды сұраймыз, - деп атап өтті БҚО ПД ЖПҚ бастығы Ернар Сұлтанғалиев.
Жергілікті полиция басқармасының бастығы Ернар Сұлтанғалиевтың бұл ұсынысын Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болатбек Акшауов жалғады.
– Қалада алкомаркеттерден көз сүрінеді. Әр бұрышта қаптап тұр. Олардың жұмыс уақыты да шектеулі емес. Алкомаркеттер негізі түнгі уақытта алкоголь өнімдерін сата алмайды. Бірақ олар алкомаркет-бар деп ашып, соған лицензия алып түнімен арақ-шарап сатады. Мен жеке өзім барып көрдім. Олардың іші бар дейтіндей барға келмейді. Өтірік 2-3 столды қойып қояды да алкомаркет-бар есебінде арақ-шарап саудасын жүргізіп отыр. Олар түнімен жеткізу қызметін ұйымдастырып алкоголь өнімдерін сатуда. Бұл қызметті тек полиция реттей алмайды. Мен барлық мемлекеттік органдар, соның ішінде мемлекеттік кірістер департаменті осы мәселені реттеу керек деп есептеймін. Жастардың күндіз-түні арақ-шарапқа қол жеткізуі, оны тұтынуы қоғам үшін өте қауіпті. Қылмыстың бәрі арақ ішкеннен болатынын біз анық айта аламыз, - деді БҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Болатбек Акшауов.
Комиссия мүшелері де бұл айтылған фактілермен келісетіндіктерін жеткізді. Олар бұл ұсыныстарды жинап, арнайы хат дайындап жоғары өкілетті органдарға жолдау қажет деп сөз сөйледі.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясының БҚОФ атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев түнгі клубтар мен алкомарктетердің жұмысын қоғам болып шешу керектігін айтты.
– Бұл проблеманы біз қоғам болып шешуге міндеттіміз. Сіздер айтып жатқан ұсыныстар жерде қалмайды. Біз бұл ұсыныстарды жоғары тұрған өкілетті органдарға жолдаймыз. Жоғарыда аталған проблемаларды шешу үшін мүмкін кейбір заңдарға өзгеріс қажет шығар. Біз жан-жақты талдап, зерттеу жүргізетін боламыз. Біздің кәсіпкерлікке қарсы шығатын ойымыз жоқ. Иә, біз кәсіпкерлерді қолдаймыз. Бірақ заң аясында жұмыс істеуін талап ету керек. Біздің қоғам, әсіресе жастар жаман әдеттердің құрбаны болмауы тиіс, - деді «AMANAT» партиясының БҚОФ атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев.
Комиссия отырысы бұдан әрі сұрақ-жауапқа көшті.
Жанат Көшкінбай
Суреттерді түсірген автор
zhaikpress.kz