4.12.2024, 12:45
Оқылды: 49

Ақжайықтық Ержан Тілекқабыловтың еңбегі көпке үлгі

Мал шаруашылығымен қатар бақша өсіруден де Ақжайық ауданының Алмалы ауылындағы ағайынның табысы олқы емес екенінен көпшілік хабардар. «Тайпақтың қарбызы» деп аталып, өңіріміздің төл брендіне айналған атақты қарбызды көршілес кейбір елдердің де тани бастауы осы алмалылықтардың еңбегі екені жасырын емес. Олай болса, ағайынның осы еңбектерін атап өту – бағалауға тұрарлық іс.

IMG_4077

Cурeт: pixabay.com

Осы орайда әке жолын, әке емес-ау, ата кәсібін үзбей жалғастырып, дала төсіне дән сеуіп, бау-бақшаның қыр-сырын бала кезінен меңгерген Ержан Тілекқабыловтың берекелі тірлігін үлгі етуге болады.

Көзі қарақты оқырманымызға мәлім, өткен жолы бүгінгі мақала кейіпкерінің ауылдасы, «Нәсіп» шаруа қожалығынан Асылан Нәсіповпен бірге Түркияда өткен ХХII Grоw Tech көрмесіне қатысып қайтқанын жазған едік.

Бүгінде орда бұзар отызға келген Ержанның бағбандыққа бет бұруы тегіннен тегін еме . Атасы Тілекқабыл ауылда алғашқылардың қатарында танабына көкөніс, қарбыз-қауын өсіріп, жомарт жердің берекесінен өзек іздеп, ауыл-елге танылса, кейіннен әке кәсібін ұлы Жасқайрат іліп әкетті.

Ал бала Ержан әкесінің қасында жүріп, шаруасына қолғабыс етіп, шаруашылықты өрістетуде біраз нәрсені көңіліне түйе жүреді. Дән себу, өскіндерге күтім жасап, суару, арамшөбін тазалау, қажет болса, шегірткеден аман алып қалу, өнім жинау, саудалау – көріп отырғаныңыздай, бақша деген әлемнің қым-қуыт, кезек күттірмейтін қарбалас тірлігі жетіп жатыр. Бүгінде осы науқандардың басы-қасында Ержанның өзі жүр. «Әке көрген оқ жонар», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» – міне, нақыл сөздердің ақиқат екенін бағбандардың бір отбасынан анық көремін десең, осы.

Ержан жетекшілік ететін «Алдаоңғар» шаруа қожалығы өздеріне тиесілі танапта қарбыз-қауынмен қатар бір-екі жылдан бері қияр, қызанақ, сәбіз бен жуа, картоп өсіріп келеді. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген, Бағырлай өзенінің жанындағы көлемі 10 гектар болатын бақшада көктем шыға қарбалас тіршілік басталады.

Әрине, маусымында қызметке көмекшілер алынады. Алмалы ауылының бір ерекшелігі – жылдың мамыражай көктем, жазиралы жаз, берекелі күзінде көшеде бейсауат жүрген жанды көрмейсің. Бәрі бақша басындағы жұмысқа тартылған. Міне, осы ауылдастарымен бірлесіп,  бақшаның қыз-қыз қайнаған шағында Ержан да жыл өткен сайын бағбандық тәжірибесін толықтыруда.

– Қазір – жаңашылдықтың заманы, - дейді ол, – сонау 1995 жылы әкем бақша басында қолмен шағын арық қазып, сол арқылы өскіндерді суаратын. Қазір техникамен жер өңдеп, тамшылатып суару әдісіне көшіп алдық. Бақша басындағы жұмыстың жартысына жуығын автоматтандырдық десек, болады. Алға қойған мақсатым бар – осы үрдісті одан әрі жетілдіріп, шаруашылықтағы технологияның үлесін арттыру. Біз аталған көрмеге де осы мақсатпен бардық. Бағбандықтың біз білмейтін қырлары көп әлі, түрлі ауруға қарсы тұра алатын, табиғаттың тосын мінезіне төзімді жаңа тұқымдар шығып жатыр. Аслан екеуіміздің көрмеден алған әсеріміз көп, озық технологиялармен танысып, оның ауылдағы шаруалардың да қадесіне жарайтынын бек ұғындық. Жоспарым да ауқымды – жылыжай салып, қыста да өнім алғым келеді. Көрмеден осыған қажет білім-білік жинап қайттық. Әлемнің сан елінен шараға жиналған компаниялар ауыл шаруашылық жабдықтарының алуан түрін ұсынған екен, зиянкестермен күрес әдістерін де таныстырды.

Міне, бақша шаруашылығын өрістеткен Ержанның тірлігіндегі бұл табыс – еңбекке құлшыныстың арқасы, тіршілікті түлетуге деген пейілдің жемісі. Біздің бүгінгі мақалада келтіргеніміз – тек бір бағбанның кәсібінен ғана мысал. Мұндай шаруаға алғыр, жаңаға талпынған, ізденімпаз жандар жер-жерде бар. Солардың қатары қалыңдай түскей дейік.

Әсет Сағындық

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале