Бүгін «Жәнібек» спорт клубында Тәуелсіздік күніне арналған Жәнібек ауданы әкімінің кубогі үшін волейболдан ерлер арасында жарыс өтіп жатыр.
Жастарға патриоттық тәрбие беру, салауатты өмір салтын насихаттау, спорттың бұқаралық сипат алуына жол ашу, волейбол спортын дамыту және кеңінен тарату мақсатында ұйымдастырылған турнирге 11, яғни, аудан әкімдігі, Күйгенкөл, Ақоба, Қамысты, Тау, Талов, Ұзынкөл ауылдары, полиция бөлімі, шекара басқармасы, М,Ықсанов атындағы Жәнібек колледжі және «Хамза» командалары қатысуда.
Жарыстың салтанатты ашылуында командалар ортаға шақырылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні шырқалды.
Аудан әкімі Тимур Шиниязов пен ардагер спортшы, саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған Қазбек Меңеев жиналғандарды мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Әнші Айшат Хамзина «Қазақ елі» әнін шырқап, қатысушыларды бір серпілтіп алды.
Еске сала кетсек, 2004 жылы алғаш рет Батыс Қазақстан облысы әкімінің кубогі үшін волейболдан жарыс өткен болатын. Сол кезде Жәнібек ауданының командасы жеңіске жетіп, кубокты ұтып алып, тарихта есімдері қалды. Команда құрамында Базарбай Сиғалиев, Қазбек Меңеев, Тельман Ғұсманов, Нұрман Түменов, Абылай Төрешов, Ысқақ Әбдешев пен Бекжан Неғметов болды. Бүгін аудан басшысы аталған ардагер спортшыларға кәдесыйлар тарту етті.
Бірінші ойын ардагерлер арасындағы жолдастық кездесумен басталды.
Әрмен қарай жарысқа тіркелген он бір команда әдемі ойын өрнегін көрсетіп, мықтылары жеңіс тұғырынан көрінеді.
Гүлзара Мәди
Фото: О.Өтеғалиев
Жәнібек ауданы