24.01.2025, 10:15
Оқылды: 31

Ауылдың ат байлар шаңырағы

Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылында Елеусін Тілебалиев есімді ақсақал тұрады. Мен Елеусін ағаны кішкентай күнімнен білемін. Оның әкесі Кенжеғали атамен менің әкем жақсы араласты. Әкем Закарияны қазіргі Күйгенкөл, сол кездегі Ворошилов ауылынан Жақсыбай ауылына жұмыс бабымен ауыстырады. Соғыстан кейінгі қиын кезеңде ауылға қоныс аударып келген жас отбасыға Кенжеғали атаның отбасы көп қолдау жасап, көмектерін аямапты. Бала кезімде әкем мені үнемі қасына ілестіріп жүретін. Өзеннің арғы бетіндегі Кенжеғали ағаның шаңырағына талай бірге барғам.

image-20-01-25-03-40

Елеусін аға Ресейдің Саратов облысындағы Новоузенск ауданының Петропавл ауылындағы мектептен 7 кластық білім алады. Еңбек жолын 1956 жылы Жақсыбай ауылында әкесі Кенжеғалиға көмекші болып жылқы бағудан бастаған. Жылқы өсірудің қыр-сырын жетік меңгерген ол әкесі Кенжеғали ақсақалдың құрығын ұстап, жылқышы болды. 1965 жылға дейін ауданның айтулы жылқышысы болды. Ал 1965-1995 жылдары Шопан ата төлін бағып, бұл салада да үлкен жетістіктерге жетті.

Елеусін ағаның отбасымен қатар Пайдиндер, Абдоловтар, Бекетаевтар сияқты атақты малшылар бұл саланы көтерді. 1960-70 жылдары Жақсыбай ауылында мал шаруашылығы өте жақсы дамыды. 1985-90 жылдары сол буын зейнетке кете бастағанда ауыл шаруашылығында қиыншылық басталды. Олардың орнына жастар келгенмен жүйе бұзылды. Оның үстіне ауыл шаруашылығына қолдау да азая бастаған уақыт еді. Одан кейін еліміз тәуелсіздік алды. Жеке шаруашылықтарға бөліне бастады. Адамдар басында дұрыс түсінбеді. Жеке шықпаймыз, ұжым болып отырамыз десті. Жақсыбай ауылы көпке дейін жеке қожалықтарға бөлінбей  отырды.

Елеусін аға – асықпай ойланып, шешімін нық айтатын адам. Елге сөзі өтетін сыйлы азамат ауылды үнемі бірлікке шақырып, ортақ істердің басы-қасында ұйымдастырушы болып жүреді. Мен 1992-2003 жылдар аралығында Жақсыбайда совхоз директоры, өндірістік кооператив директоры болғанда осыған көз жеткіздім. Тоқсаныншы жылдардың ортасында қиын кезең басталғанда ауыл азаматтарын қиындықтан шығаруға Елеусін ағамыздың үлесі көп болды. Сол кезде Елақаң ер-азаматтарды біріктірсе, жары Әсима апай әйел адамдардың басын қосты. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, елмен бірге адас» дегендей, ешқашан елден бөлініп кетпеді. Көп азамат тәуекел ете алмай отырғанда Елақаң шаруа қожалықтарын құру жайлы, жеке фермерлікті дамыту жайлы ұсынысты алғаш болып қолдады. Зейнетке 1995 жылы шықты. Бірақ сол жылы тұңғыштардың бірі болып «Жақсылық» атты шаруа қожалығын ашты. Оның бастамасы өз ауылымызға ғана емес, көрші ауылдарға да үлгі  болды.

Тоқсаныншы жылдары үкіметтен көмек азайып, облыс пен аудан орталығынан қашықтағы Жақсыбайға бірдеңе жеткізу қиын болатын. Ресеймен шекара күшейсе де, көршілес Новоузен, Палласовкадан, Саратов пен Волгоградтан ауылға қажет нәрсені әкеліп, аралас-құралас болдық. Сәйкесінше ауылға да келім-кетім адам көп болатын. Сол уақытта елге келген жанның ат басын тірейтін шаңырағы, ауылдың қонақ түсіретін жері осы Елеусін ағаның үйі болды. Әсима апа ешқашан қабағын шытпайтын, мол дастарқанынан дәм татқан меймандар ризашылықпен аттанатын. Сондай қадірлі қонақтардың кейін ауылға қатысты талай шаруада септігі тиіп жатты. Барлығы да Елеусін аға мен Әсима апайды сұрап жататын. Ағай мен апай домбыра тартып, екеуі қосылып ән айтатын сегіз қырлы, бір сырлы өнерлі жандар екенін  де  айта  кеткен  жөн.

1992 жылы Қараобадан Жақсыбайға газ тарту жұмысы басталды. Тоқырау басталып, газ тартуға бюджеттен қаржы бөлінбеді. Ауылдың өз күшімен атқарылды. 1994 жылы көгілдір отын ауылға жетті. Сол кезде де осы Елеусін ағамыздың көмегі көп болды. Елақаңдар ұсынысымызды қолдап, елді біріктіруге күш салмағанда, «бәріміздің жағдайымыз қиын» деп әр жаққа тартып отырса, бұл жұмыстар атқарылмай қалар ма еді?! Сол жылдары ауылға он шақты үй құрылысы жүргізілгенде де осы ауылдың белсенді азаматының қолдағаны есімізде  қалды.

Елақаң құрған «Жақсылық» шаруа қожалығы 2020 жылдан бастап ірі қара малын 100% асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырына айналдырды. 2023-2024 жылдары ұсақ қой малын гиссар тұқымына айналдырды. Қазіргі таңда ақсақалдың балаларының ұйымшылдығының, еңбекқорлығының, табандылығының арқасында «Жақсылық» шаруа қожалығында 200-ден аса жылқы, 400-дей асыл тұқымды ақбас сиыр, 500-дей гиссар тұқымды  ұсақ  малы  бар.

Елеусін Кенжеғалиұлы 2019 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 2022 жылы «Үздік фермер» медалімен  марапатталды.

Әсима апай екеуінің шаңырақ көтергеніне биыл 66 жыл толады. Бес ұл, бес қызды өмірге әкеліп, тәрбиеледі. Ұл-қызы жоғары білім алып, әрқайсысы үй болды. Қазақстанның әр түкпірімен құда болды. Немере-жиеннің  қызығын  көріп  отыр.

Қаңтардың 18-і күні 85 жасқа толған Елеусін Кенжеғалиұлы әлі қайратты. Жетпіс бес жасына дейін Орал қаласына өзі көлік жүргізіп келіп кететін. Қазір көзімнің көруі бұрынғыдан нашар деп алыс жолға шықпаса да ауыл ішінде рөлден өзі табылады. Әлі атқа мінеді. Ауылдан тоғыз шақырым жердегі балалары отырған қыстаққа атпен барып қайтады. Жылқышы болғасын атты жақсы таниды, жүйрігін жақсы көреді. Асауды ұстағанда тыпыр еткізбейтін қолы қарулы. Саятқа шығып тұратын, көздегенін қалт жібермейтін мергендігі бар. Ауылдың құрметті ақсақалына ұзақ ғұмыр тілейміз.

Өтеғали  Хәкімов,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале