23.01.2025, 15:00
Оқылды: 32

«Сырым» өткізу бекетін жөндеу жұмысы кідіреді

Бұған дейін облыстағы Ресеймен шекарада орналасқан «Сырым» өткізу бекетінің 1 ақпаннан бастап уақытша  жабылатыны жөнінде  ақпарат тараған едіҚР Көлік министрлігінің хабарламасында бекетті  реконструкциялау  16 айға созылады делінгенАлайда өткізу бекеті дәл сол күні жабылмайтын болдыСейсенбіде БҚО кәсіпкерлер  палатасының энергетика және көлік жөніндегі салалық кеңесінің отырысында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО  филиалының директоры Асылбек Мардан осылай деді. 

М Салык2 (1)

 –  2024 жылдың соңында мердігер мекеме анықталды. Алайда конкурста ұтылып қалған компания сотқа шағым түсіріп, жеңімпаз компаниямен соттасып жатыр. Сондықтан мердігермен келісімшарт әлі жасалған жоқ. Құрылыстың қашан басталатыны әзірше белгісіз. 1 ақпанда өткізу бекеті жабылмайды. Жалпы,  бекетті ашып-жабу «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның құзыретіне кірмейді. Бұндай шешімді шекара қызметі қабылдайды. Ал «ҚазАвтоЖол» тек құрылыс-монтаж жұмысын жүргізеді. Қазіргі қолданыстағы бекет алты жолақты. Қайта жөнделген соң, 12 жолақты, яғни кіру үшін 6, шығаратын 6 жолақ болады. Заманауи тексеру жабдықтары бар әкімшілік ғима-
рат салынады. Бұл жұмысқа 21 млрд теңге жұмсалады. Бекетте жүргізушілер мен жолаушылар бөлек-бөлек өткізіледі, – деді Асылбек Мардан. Сондай-ақ ол жөндеу кезінде шекараны толығымен жаппау мәселесі де қарастырылып жатқанын атап өтті. Себебі бақылау-өткізу пунктін жапса, өзге кішігірім бақылау бекеттерінде қиындық тудыруы мүмкін.

БҚО кәсіпкерлер палатасы энергетика және көлік жөніндегі салалық кеңесінің төрағасы Тұрарбек Тілемісов бұл мәселе бойынша құзырлы мекемелерге хат дайындап жатқандарын айтты. «Алда жаз мезгілі келе жатыр. Құрылыс басталады. Сәйкесінше жүк тасымалы артады. Жолдар салына бастайды. Ал құрылыс заттарының басқа жақтан тасымалданатыны белгілі. Бұл бағаның да қымбаттауына соқтыруы мүмкін», – деді ол. Оның айтуынша, 2024 жылы Ресейден Қазақстанға 606 мыңнан астам көлік кірсе, соның 245 мыңнан астамы БҚО-дағы өткізу бекеттерінен өткен. Бұл көліктердің 40 пайыздан астамы – жүк көліктері. Ал Қазақстаннан Ресейге шыққан 401 мыңнан астам көліктің 260 мыңнан астамы БҚО арқылы аттанған. Олардың 63 пайызы – жүк көлігі. Жалпы, көлік ағынының негізгі жүктемесі «Сырым» бекетіне түсіп отыр.

Жүк тасымалдаушылар бекеттің толық жабылуы көрші елмен алыс-берісті қиындатады деп алаңдаушылық білдірді. Мысалы, «Сайфулин» ЖК директоры Рустам Сайфулиннің айтуынша, халықаралық тасымалдаушылар үшін «Сырым» негізгі өткізу бекеті болып саналады. Ол егер бұл бекет жабылатын болса, қалғандарында жағдай қиындайды деді. Себебі олар осыншалық көп көлік өткізуге дайын емес. «Егер біз қазір Еуропадан айына бір рет жүк тасымалдайтын болсақ, бекет жабылған соң екі айда бір рет қатынауға тура келеді. Бюджеттік аударымдарды, жалақы және несиені төлей алмай қаламыз. Сондықтан біз шекараны толық жаппай, аутокөліктердің өтуі үшін жолақтар қалдыруды  ұсынамыз», – деді  кәсіпкер.

Облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Темірғалиев «Сырым» бақылау-өткізу бекеті арқылы Оралдан Ресейге екі жолаушы маршруты – Орал-Самара-Орал және Орал-Толятти-Орал қатынайтынын айтты. Олардың жүру бағытын анықтау ҚР Көлік министрлігі жолаушылар көлігі комитетінің құзыретінде. Қа-зір маршрут бағыттары нақтыланып жатыр. Басшының орынбасары мұндай шешімді Ресейдің көлік министрлігі де қабылдайтынын айтты. Сондықтан бұл жұмыстың бәрін мақұлдауға шамамен 50-60 күн кетеді екен.

БҚО кәсіпкерлер палатасының энергетика және көлік жөніндегі салалық кеңесі отырысының соңында ҚР Шекара қызметіне ресми сауал жолдау туралы шешім қабылданды. Айта кету керек, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр 2024 жылғы 28 маусымда бекіткен 2024-2030 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында өткізу пункттерін қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Осыған сәйкес Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысында орналасқан «Әлімбет» және «Сырым» өткізу бекеттері жаңғыртылады.

 

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале