10.02.2025, 22:00
Оқылды: 269

Бәйтерек ауданында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында кездесу өтті

Бәйтерек ауданында жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған маңызды шара өтті. «Заң және тәртіп» тақырыбында ұйымдастырылған кездесуге мемлекеттік органдардың өкілдері, құқық қорғау қызметкерлері мен сала мамандары қатысты.

IMG-20250210-WA0012

Бәйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараның басты мақсаты – жастарға құқықтық білім беру, заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру, темір жол қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру және діни экстремизмнің алдын алу бойынша ақпарат беру.

IMG-20250210-WA0011

Кездесу барысында алғашқы сөз Бәйтерек ауданы прокуратурасының аға прокуроры Айдар Әлімжановқа берілді. Ол ҚР 127-2-бабы заңнамасындағы "Балаларды жәбірлеу және буллингтің алдын алу" тақырыбында баяндама оқып, негізгі ережелерге тоқталып, жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтар мен олардың салдары туралы баяндады. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу және жауапкершілік мәселелері туралы түсініктеме берді. Өз кезегінде сөз алған Ерлан Кужумов, яғни Ақтөбе бөлімшесінің «Жүк тасымалдау» ЖШС филиалы бойынша Бәйтерек ауданы Белес станциясының басшысы, темір жолдағы қауіпсіздік мәселелерін көтерді. Ол темір жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтудің қатері туралы айтып, оқушыларды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Сонымен қатар, статистикалық мәліметтер негізінде темір жолда орын алатын қайғылы оқиғалардың алдын алу жолдарын түсіндірді. Шара барысында қатысушылар темір жол қауіпсіздігіне арналған арнайы ақпараттық бейнероликті тамашалап, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

IMG-20250210-WA0009
Бәйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының теолог маманы Алмат Бақытжанұлы діни сауаттылықтың маңыздылығына тоқталды. Ол радикалды ағымдардың қаупін, әлеуметтік желілердегі экстремистік насихаттан сақтану жолдарын және қоғамдағы бейбітшілік пен толеранттылықты сақтау қажеттілігін түсіндірді. Кездесуде қатысушыларға діни экстремизмнің алдын алу бойынша арнайы видеоролик көрсетіліп, жастардың сұрақтарына нақты жауаптар берілді.

Аталмыш шарадан оқушылар құқықтық сауаттылық, құқық бұзушылықтың салдары, темір жол қауіпсіздігі және діни экстремизм тақырыптарында құнды ақпарат алды. Жастар өз пікірлерімен бөлісіп, көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, мамандардан қажетті кеңестер алды.

Сәнім Берік
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале