Орал қаласының құрылыс бөлімінің тапсырысымен Орал қаласындағы Ақжайық шағынауданында қуаттылығы сағатына 833 текше метр сарқынды су айдайтын кәріз сорғы стансасы салынуда. Мердігер мекеме – «KazConstructionGroup» ЖШС. Құрылысты сәуір айында аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ «Уральскводстрой» ЖШС қуаттылығы сағатына 1513 текше метр көтергіш сорғы стансасының құрылысын жүргізуде. Нысан жыл соңына дейін аяқталмақ.

– Аталған жаңа шағынауданда екі мердігер ұзындығы 26 шақырым көше жолдарын салып жатыр. Бүгінгі күні барлығы 18 шақырым жол салынды. Нысанның құрылысы биылғы 4-тоқсанда аяқталуы тиіс. Сонымен қатар
2 кварталды, яғни 10 көппәтерлі тұрғын үйді инженерлік желілермен қамту және абаттандыру жүргізілуде. Бүгінгі күні қолданысқа берілетін 5 қабатты көппәтерлі бес үйге инженерлік желілер өткізілді. Аулаға асфальт жабындысы мен өрнектас төселіп, балалар ойын алаңының негізі құйылды, – деді Орал қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы Батырбек Сапаш.
Батырбек Жарасұлының айтуынша, Зашаған кентінде көппәтерлі алты үйге инженерлік желілер тартылуда және аулалары абаттандырылуда. Мердігер мекемелер – «ПМК-117» ЖШС мен «Ремстрой» ЖШС құрылысты биыл аяқтамақ.
Айна Имашева,
"Орал өңірі"