Жергілікті өндіріс орындарының экспорттық әлеуеті жайлы сөз қозғалғанда, бірінші кезекте облыстың көмірсутек шикізатының ірі экспорттаушысы екенін айтқан жөн. Бұдан басқа, облыс мұнай өнімдерін, ұнды, ет қалбырларын, шұжық өнімдерін, иінді білікті, мұнай-газ жабдықтарын және қосалқы бөлшектердің түрлерін, басқа да өнімдерді сыртқа шығарады.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының ұсынған ақпараты бойынша өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі саласында экспорт көлемі 274 млн АҚШ долларын құрап, 2,2%-ға төмендеді. Басқарма мамандары экспорт көлемінің төмендеуіне шикізаттың болмауы,
«КазАрмаПром» ЖШС-ның қызметінің тоқтауы әсер еткенін айтады. Сонымен қатар фанера және фанерадан жасалған бұйымдар экспортына қойылған санкциялық шектеулер, «Конденсат» АҚ жүктемесінің жеткіліксіздігі және өзге де жағдайлар «салқынын» тигізген.
Өңіріміздегі өңдеу өнеркәсібінің негізгі ірі кәсіпорындары өнімді бірқатар елге экспорттайды. Мысалы, «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ ұн және макарон өнімдерін Ресей Федерациясына, Ауғанстан және Түрікменстан нарықтарына жеткізуде. «Орал трансформатор зауыты» ЖШС трансформаторлардың 93%-ын Әзірбайжан, Армения және Грузия елдеріне шығарып отыр. Басқа да өнімдер сыртқы нарыққа шығарылуда. Экспортты ілгерілету мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдаудың негізгі тетіктерін түсіндіру, оның ішінде «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ арқылы экспортқа қатысушылар шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
2025 жылға арналған экспорт болжамы 340,4 млн АҚШ долларын құрайды деп күтілуде.
Мұндай болжамдық көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында биыл бірқатар экспортқа бағдарланған жобаларды іске қосу жоспарлануда. Олар:
- «Орал Электрик» ЖШС базасында қуаты жылына 250 тонна италиялық «SIGME» компаниясының жабдықтарында дөңгелек қимасы бар эмальданған алюминий сымдарын өндіру бойынша цех салу;
- Жылына 20 мың тонна химиялық қоспа өнімдерін шығаратын зауыт құрылысы («Синтез Орал» ЖШС);
- Жылына 20 мың тонна химиялық абсорбенттер өндіретін зауыт құрылысы («CHEMICALSYNERGYQAZAQSTAN»
ЖШС)
- «Bilgili Group» ЖШС базасында жылына 24 мың тонна тұрмыстық химикаттар (антифриз, шыны жуғыштар, кір жуғыш ұнтақ, қолға арналған сабын, ағартқыштар және т. б.) өндіретін цех құрылысы.
Жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар базасында экспорттың өсуін қамтамасыз ету жоспарланған көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өңдеу өнеркәсібі саласында өндіріс көлемі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 320,2 млрд теңгені құрады. Өндіріс көлемі 3,2%-ға төмендеді. Өңірдегі көктемгі су тасқыны бизнес субъектілерінің жұмысына кедергі келтірді. Өйткені өнеркәсіп кәсіпорындары 2 айға жуық тасқынға қарсы қам-қарекет жасап, дайындық шараларын жүргізуге мұрындық болды.
Өндіріс көлемінің төмендеуіне жоғарыда айтылған шикізаттың болмауы және кей өнімдерді экспортқа шығаруға санкциялық шектеу салынуы, басқа да жайттар себеп болды. Солай болғанмен, кейбір салаларда өндіріс көлемінің өскені байқалды. Мысалға, өндіріс көлемі дайын металл бұйымдары өндірісі саласында – 1,5 есеге, жеңіл өнеркәсібі саласында – 1,3 есе, тағам өндірісі саласында – 7,7% резеңке және пластмассадан жасалған бұйымдар өндірісі саласында – 10,6%, металлургия саласында – 1,1%-ға артты. Өндіріс көлемі бойынша негізгі үлес Орал қаласына (71,4%) және бірқатар ауданға (Бөрлі ауданына – 13,2 %, Бәйтерек ауданына – 9,5 % және Теректі ауданына – 3,5%) тиесілі.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі Орал қаласында – 2,1%, Жаңақала ауданында – 2,8 есе, Сырым ауданында – 2,1 есеге, Теректі ауданында – 8,2%-ға, Бәйтерек ауданында 1,7%-ға өсті. Бөкей ордасы және Қаратөбе аудандарында өндіріс көлемі 2023 жылғы деңгейде сақталған. Ал қалған аудандарда өндіріс көлемі төмендеп кеткен. Биылғы жылдың қаңтар айында өңдеу өнеркәсібі саласының дамуында оң динамика бар. Аталған салада 18,9 млрд теңгеге өнім өндіріліп, 2024 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырған-да 6,3 %-ға артты.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»