14.03.2025, 10:00
Оқылды: 131

Газетке ынтызар менің атам

Ақжайық ауданы, Шабдаржап ауылының тұрғыны 74 жастағы Қайратжан Байғазиев – менің нағашы атам. Атам газет, журнал, кітап оқығанды жақсы көреді. Тіпті алған газеттерінің әр нөмірін түгендеп, мұқият тігіп қояды. Атамның күнделікті  газет оқығаны көпке үлгі боларлық. Сондықтан мен газетке ынтызар атама басылымдарға қатысты сұрақтар қойып, сұхбат алдым.

WhatsApp Image 2025-03-14 at 10.47.37

– Газетті неше жастан бастап оқып келесіз, газет-журнал оқыған несімен пайдалы?

– Менің балалық және жастық шағым  келмеске кеткен кеңес заманында өтті. Ол кезде бізге бастауыш сыныптан бастап, газетке жазылу керектігін айтып, оқуға баулыды. Ең алғаш оқыған газеттерім «Қазақстан пионері», «Спорт», орысша басылымдардан «Дружные ребята» еді.  Әріптерді еркін жүргізіп оқи бастаған үшінші сыныптан бері газет-журналмен доспын. Ал, қазір республика, облысымыздың бас басылымдары, аудандық газетті алдыртып, соларды оқимын.

Неліктен дейсің ғой – себебі ол газеттерде көбінесе еліміз жаңалықтарын, көпке ортақ мәселелерді жазады. Қандай жаңалық болып жатыр – бәрін осы газеттерден көріп отырамын. Еліміздің дамуы, өзгерістері, мерекелер, шығармашылықтың өрісі, т.б жаңалықтың бәрінен хабардар болған жөн.

– Газеттің жастарға берер пайдасы бар ма?

– Газет қай кезеңде де ең маңызды тәрбие құралының бірі болып қала бермек. Басылымдарда елімізде, алыс-жақын жерлердегі ахуалдан ақпараттар бұрмаланбай, шынайы жазылады. Басқа насихат құралдарынан артықшылығы – жастарға тәрбие бере алатын, дұрыс бағыт-бағдар көрсете алатын қасиетке ие. Ол – көрнекі үгіт-насихат құралы, ел-жұртты бір мақсатқа жұмылдыра алатын күш. Мысалы интернетте немесе басқа да сайттарда жалған ақпарат өріп жүр, қайсысы өтірік, қайсысы рас екенін ажырату мүмкін емес. Ал газеттегі дүниенің бәрі тексерілген, газет тілшілері нағыз өмірдің қайнаған ортасынан алған, өз көзімен көрген оқиғалардан ақпарат береді.

– Газеттің болашағы қандай деп ойлайсыз?

– Газет тәрбие, насихат құралы болғандықтан , болашақта да өзінің атқарып жүрген міндетінен ауытқымайды деп сенемін. Осы газетке қоғамды ұйыстыруда болашақта бұдан да зор міндет жүктеледі деп ойлаймын. Бірақ бүгінде көпшілік ақпаратты интернеттен немесе басқа да құралдардан алып жатқандықтан, газет біз секілді үлкен кісілердің ғана еншісіне қалғандай. Ал біз, өз кезегімізде, жастарымыздың газет оқығанын қалаймыз. Ал, газеттің болашағына келер болсақ, ол  өзіндік миссиясын сақтап, ақпараттық кеңістікте өз маңыздылығын жоғалтпайтынына сенемін.

Газетке ынтызар атаммен болған сұхбаттан қоғамның айнасындай үнпарақтың  оқырмандарға ақпараттың ең маңыздысын, ең керегін ұсынып отырғанын, тәрбие құралы ретінде мәнісін түсіндім. Газет жұртшылықты біріктіре алады, ұлттық идеологияны қалыптастыруда ықпалы зор,  және жастардың ізденісі мен білімі үшін пайдалы. Қазір технология ат ойнатқан заман болса да, газеттің өз күшін еселей түсіп,  оқырмандарға өз пайдасын тигізіп отырғандығы бізді қуантады. Болашақта да газеттердің ақпарат айдынынан жоғалмай, одан сайын дамып, таралымы көбейеді деген үміттеміз.

Жадыра Қайырлы,

Х.Доспанова атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале