14.03.2025, 11:15
Оқылды: 147

Бағырлайдың бойында мал бақса...

Ақжайық ауданындағы Тайпақ ауылының тұрғыны, «Қуаныш» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Есетай Ермеков мемлекеттің қолдауымен қорасындағы малын көбейтіп, бағып отыр.

90facd52-2e8c-4ca2-8638-cb7ceb93974a

Ол Калмыков обаға қарсы күрес мекемесінде 13 жылдан бері дезинфектор болып еңбек етеді. Марқұм атасы да, әкесі де ауылдың бетке ұстар азаматтары болды. Бала кезінен солардың еңбекқорлығын көріп, тәрбие алған кейіпкеріміздің малсақ болмауға қақы жоқтай көрінеді. Алғыр азамат заман тынысын сезініп, жайын малдан гөрі асыл тұқымды мал өсірудің пайдасы көл-көсір екенін түсінді. «Зеңгібаба тұқымын асылдандырсам, сүтті мал ұстасам» дейтін көзі ашық, көкірегі ояу ердің көктен іздегені жерден табылғандай болды. 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5%-бен 6 млн 800 мың теңге несиені 7 жылға алды. Несие қаржысына Павлодар облысындағы «Луганск» шаруа қожалығынан симментал тұқымды, сүтті, етті бағыттағы 10 қашар сатып алып келді. Сол жылы мемлекеттен әр асыл тұқымды мал басына 200 мың теңгеден, жалпы 2 млн теңге субсидия алды.

– Мал қыстағы қалыпты өтіп жатыр. Әзірге жеті сиырдан бұзау алдым. Енді біреуінің төлдеуі жақын. Тағы бір сиырым жайырақ туады. Ал бір басымды су тасқыны кезінде жайылымда жоғалтып, таба алмадым. Жаз айларында сиырларды сауып, май-қаймақты саттыққа шығардық. «Қыстың көзі – қырауда», күн суық болған соң, бұзаулаған сиырдың әрқайсысынан күніне 5-6 литрден сүт сауылады, – деді Есетай Қуанышқалиұлы.

bb2f7aa2-4b03-4e37-a0eb-f7aa686f39aa

Ермековтер қорадан өрген малды бағып, одан сүт өнімдерін дайындайды. Есетайдың келіншегі Гүлшат айран ұйытады, құрт, ірімшік жасайды, қаймақ шайқайды, май алады. Өздерінен ауысқан сүт өнімдерін өзгелерге ұсынады. Дастарқанында ақ болған үйдің ырысы артады демеуші ме еді?! Былтыр жарқыратып зәулім үй салып алды. Ауылда жаз шыға, майқаймақ сатушылар қатары толысқанмен, қыстың күндері сиыр сауып, сүт сататындар жоқтың қасы. Сондықтан өнімдеріне ауылдастары  тарапынан  сұраныс  бар.

– Асыл тұқымды қашарлар мама сиырға  айналғанда  күніне 10-12 литр сүт береді екен. Қолдағы сиырларым бірінші рет бұзаулады. Алдағы уақытта ауыл шетінен жер телімін алып, қора-қопсы салуды ойлаймын. Сүтті малдың санын 50-60 басқа жеткізсем деймін.  Бағырлай арнасының бойынан жер алып, екпе шөп өсіруге ниеттімін. Жоңышқа егіп, мал азығы қорын қалыптастыру да жоспарда бар, – деді қызметі мен кәсібін қатар алып жүрген Есетай  Ермеков.

Есетай ініміздің қорасындағы малын көрдік. Күйін бермеген. Сауыры салтақ-салтақ  сары ала сиырлар ашық қорада  шөпке бас қойған. Сары тоқал бұқа малдың шетіне таман маужырап, манаурап тұр. Өзінің бұрынғы қарапайым ірі қаралары бөлек қамалған. Былтырғы бұзаулары, яғни биылғы баспақтары да оқшау бағылуда.  Ал биылғы бұзаулары  – жылы жабық қорада. Олардың тұрқы ірілеу, баспақтай. Асылдың аты асыл ғой. Отбасындағылардың барлығы ортақ шаруаға қолғабыс етеді. Гүлшат екеуінің төрт ұл, бір қызғалдағы бар. Үлкені үйлі-баранды. Одан кейінгі ержетіп тұрған үш ұл да көздерін тырнап ашқаннан көргендері әкешешесінің тынымсыз еңбегі. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, балалары қара жұмысқа төселген, малдың шөбін салады,  астын тазалайды. Әйтеуір, тыным таппайды.   Соның нәтижесі шығар, қора-қопсының  ішінде бір тал шөп шашылып жатқан жоқ.  Жем шоланның іші де мұнтаздай. Әншейінде дәнді дақылдар тұрған жерден табылатын тышқандардың өзі Есетайдың қорасының тазалығынан шошынып, далаға безіп кеткен шығар дейсіз.

– Мынау – жоңышқа түйіршігі, мұның ішінде тиісті қоспалар, дәрумендер бар, – деп бөшкедегі жасыл түсті сопақша түйіршіктерді алақанына салып көрсетті Есетай. Малсақ жігіт ағасы сүтті сиырларына түйіршікті  жоңышқа жемі және уатылған арпаны кезектестіре беріп, азықтандыратынын айтты. Түйіршікті жоңышқаны Ақтөбе жағынан алдыртады. «Жалпы, сүтті мал ағзасын тиісті ақуызбен қамтамасыз ету үшін жоңышқа мен беде сияқты өсімдіктерден пішендеме дайындаса, керім болар еді», – деп қояды. Қыстық мал азығын айналадағы шаруа қожалықтарынан 160 дана орамашөптің әрқайсысын 7 мың теңгеге, барлығын 1 млн 200 мың теңгеге сатып алған.

2484f8d5-8752-49ff-b857-6aa90d4bc163

Оны атшаптырым аулаға тақадай етіп жинап қойған.  «Биылғы және алдағы қысқа да жетеді. Тек амандық болсын», – деді сөзіне салмақ сала сөйлеген кәсіп иесі.

Тобықтай түйін. Табиғаты қуаң, жері шөл белдеуіне жататын Тайпақ жерінде сүтті мал өсіруге талпыныс жасауға екінің бірінің қолынан келмейді. Өйткені бұл – тәуекелі көп, мехнатты шаруа. Енді сүтті әрі етті мал өсіремін деп игі іске құлшына кіріскен шаруа адамының «бетін қақпай, белін бусақ», қане?! Бағырлай бойындағы бұрынғы көлтабан аумағынан жер телімі берілсе, Қуанышқалидың еңбекқор ұлы Есетай  екпе шөбін егіп, сүтті малына азық қорын жасақтар еді. Жаңа жұмыс орындарын ашар еді. Қалай айтқанда да, аудан, округ басшылығы қолынан түлікті бағып-өсіру келетін, жауапкершілігі бар осындай кәсіп иесіне қолдау көрсетулері керек. Онсыз мемлекеттің қолдау-көмегі  нәтижесін  бермейді.

Гүлнәр Шәңгерей,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале