Биыл ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Шмидт Айталиевтің туғанына 90 жыл толды. Академик Шмидт Мұсаұлы тау жыныстары механикасы, жерасты құрылымдарының теориясы, көлік құрылыстарының механикасы секілді жан-жақты бағытта Қазақстан ғылымына сүбелі үлес қосқан. Оның 305-ке жуық ғылыми еңбегі ТМД елдері мен алыс-жақын шет мемлекеттерге кеңінен таралды. Әр жылдарда жарық көрген 13 ғылыми монографиясының орны бір бөлек.
Шмидт Айталиев 1935 жылы қаңтар айының 28-інде Жәнібек ауданында дүниеге келген. Саналы ғұмырын ғылымға арнаған ғалымның ерекше есімі оқырман қауымды ойландырары хақ. Шмидт Айталиевтің әкесі Мұса көп жыл партия қызметінде, жауапты орындарда қызмет еткен. Өз заманының зиялысы еді. Отбасында тұңғыш ұлы дүниеге келгенде қатты қуанады. Сол уақытта белгілі кеңес ғалымы, математика және гоефизика саласының көрнекті маманы, Кеңес Одағы Ғылым академиясының академигі Отто Юльевич Шмидтің жер жарып тұрған атағы қазақ даласына да жеткен болатын. Қазақ ырымшыл халық қой. Білім мен ғылым жолында халқына пайдасын тигізіп, елге қалаулы азамат болсын деген ниетпен Мұса Айтаұлы тұңғышының есімін Шмидт деп қойған. Ш. Айталиев 1952 жылы Жәнібек қазақ орта мектебін алтын медальмен бітіріп, Алматы қаласындағы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті физика-математика факультетінің сол жылы ашылған механика бөліміне оқуға түседі. Ұлағатты ұстаздардан кәсіби білім алып, Новосібір қаласындағы авиация зауытында тәжірибе барысында механиканың күрделі тәсілдерімен танысып, меңгере бастайды. 1957 жылы газ динамикасының негізін салушы С. А. Чаплыгиннің еңбегін зерттеуге арналған дипломдық жұмысын сәтті қорғап, университетті үздікке бітіріп шығады. Жас мамандарды бөлу комиссиясы Ш. Айталиевті ҚазКСР ҒА-да кіші ғылыми қызметкерлікке сай деп танып, оған арнайы жолдама береді. Ал ол өзі оқыған мектепке мұғалім болып барып, аймақтың өсіп-өркендеуіне септігін тигізгісі келеді. Ағарту министрлігіндегі басшылар механика мамандығы бойынша жоғары білімді жастардың ғылыммен айналысқаны жөн болатындығын алға тартып, оны көндіруге қам-қарекет жасайды. Ақыры Алматыда қалмайтынын ұққан олар Ш. Айталиевке А. С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына (Қазіргі М. Өтемісов атындағы БҚУ) жолдама береді. Педагогикалық институтта жоғары математика кафедрасында үш жыл ассистент болып жұмыс істейді. Кейін ҚазМҰУ-дың профессоры ретінде дәрістер оқығанда институтта жиған педагогикалық тәжірибесі үлкен көмегін тигізген. 1960 жылы өзіне кезінде университетті бітіре салып ұсынылған Қазақ КСР ҒА-ның математика және мехника секторының кіші ғылыми қызметкері жұмысына ауысып, Алматыға оралады. Осы жылы Қазақ КСР ҒА-ның президенті Қаныш Сәтбаевтың шақыртуымен Украинадан техника ғылымдарының докторы Жақан Ержанов Алматы қаласына келеді. Ғылыми мектеп құрмақ ниетпен шәкірт сұрастырған ғалымға жолыққан Ш. Айталиев геомеханика бағыты бойынша еліміздегі тұңғыш аспирант атанады. Ш. Айталиев ұстазының ғылыми жетекшілік етуімен геомеханиканың күрделі де маңызы зор мәселелерін шешуге арналған кандидаттық диссертациясын 1965 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында, 1974 жылы Новосібір қаласында докторлық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Геомеханика ғылымының Қазақстанда пайда болып, дамуына Ж. Ержанов пен шәкірті Ш. Айталиевтің қосқан үлесі зор. Қазақстанда жерасты, көліктік және арнайы құрылыстар механикасы бойынша арнайы мектеп құрды. Бұл ғылыми мектептен 18 ғылым докторы мен 51 ғылым кандидаты шықты. Ш. Айталиев жетекшілік еткен жерасты құрылыстарының сейсмикаға төзімділік теориясы зертханасы 1966 жылы құрылды. Бұл – Кеңес Одағы кезіндегі мамандырылған үш ірі ғылыми орталықтың бірі. Ш. Айталиев басқаратын зертханада Алматы метросының 9-10 баллдық жер сілкінісіне қуаттылығы тексерілді. Мұндай күшті жер сілкінісін есепке алатын құжаттар, зертханалар Кеңес Одағында болмаған. Кеңес Одағы ыдыраған соң, көптеген ғылым және құрылыс нысандарының жұмысы тұралады. Ғылымға бөлінген қаражаттың көлемі күрт қысқарды. Алматы метросының құрылысы жайында ел арасында түрлі қауесет тарады. «Метро құрылысы экономикалық жағынан тиімсіз көрінеді», «Жер сілкінісі болса, опырылып түспей ме?» деген сынды алып-қашпа әңгімелер де болды. Сейсмикалық жағынан жер бетінде орналасқан ғимараттармен салыстырғанда метроның әлдеқайда қауіпсіз екендігін Ш. Айталиев дәлелдеді.
Қазақстан ғылымына қосқан елеулі үлесі үшін Ш. Айталиев 1983 жылы Қаз КСР «Тау-кен ісі» мамандығы бойынша корреспондент мүшесі атанды. 1994 жылы ҚР ҒА-ның механика мамандығы бойынша толық мүшесі «академигі» болып сайланды. 1995 жылы «Қазақстанның ғылымы мен техникасына еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Академик Ш. Айталиевтен білім алған жастардың көбі – бүгінде бір-бір саланың белді мамандары, ғылымға сүбелі үлес қосқан ғалымдар. Соның бірі – жол құрылысы және жол жабындылары механикасын зерттеуші ғалым, «Жол ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС директоры Бағдат Телтаев. 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында оған «Құрмет» ордені берілді. Осыдан тура он жыл бұрын Ш. Айталиевтің 80 жылдығы болған еді. Мерейтой қарсаңында қаламыздағы мәдениет ошақтары мен білім ордаларында еске алу іс-шаралары өтіп, Алматы қаласында академиктің еңбегін насихаттауға арналған семинар ұйымдастырылды. Аталмыш жиынға Ресей Федерациясы, ТМД елдері мен көршілес мемлекеттердің ғалымдары, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері, Қазақстандағы университеттердің оқытушылары мен студенттері қатысты. Бас-аяғы 630 қатысушыны қамтыған бұл іс-шара екі күнге созылды.
Қазақ ғылымына өзіндік қолтаңба қалдырған академик Ш. Айталиевтің есіміне көше беру мәселесі туралы шәкірті Бағдат Телтаев пен зиялы қауым өкілдері бастама көтерген. Кейін басшылықтың мақұлдауымен Орал қаласындағы Космическая көшесі Ш. Айталиев көшесі деп өзгертілді. Ш. Айталиевтің шәкірттері мен тұстастары біртуар тұлғаның есімі мен еңбегін ұмытпай, оны қайта жаңғыртып, ел арасына насихаттап келе жатыр. Бұл «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген қазақ тәмсілінің айғағы іспетті. Осы жылдың қыркүйек, қазан айларында академиктің 90 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтпекші. Ұйымдастырушы шәкірттеріне және Бекзат Телтаевқа алғысымды білдіремін.
«Ұлым Отто Шмидт секілді академик болсын» деген әке арманы араға 60 жыл салып орындалды. Академик Ш. Айталиев кәсіби ғылымға қоса, педагогикалық еңбекпен де шұғылданды. 1978-1992 жылдары Қазақ ұлттық университетінің және 2000-2007 жылдары Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының профессоры қызметінде жемісті еңбек етті. Өзі қазақтың ұлттық аспабы домбыраны еркін меңгерген. «Жайыққа жорық» күйі мен «Көктөбе» секілді бірнеше әні бар.
Асқар Атаев,
М. Ықсанов атындағы облыстық қоғамдық қордың төрағасы