Қазақ халқы балаға есім қоюға ерекше мән берген. Есім – тек бір атау ғана емес, ол – үміт, тілек, сенім, тағдыр мен тарих. Кейде адам аты тек ата-ананың таңдауы емес, тұтас бір оқиғаның, дәуірдің, халықтық үміттің көрінісі болып кетеді. Осындай ерекше, сирек әрі есте қалатын есімдердің бірі – Олимпиада Жақыпова есімді жерлесіміз. Бұл есім иесі – Қаратөбе ауданы Қаратөбе ауылында туып-өскен, ол бүгінде шығармашылық жолда еңбек етіп жүрген жаны жайсаң, ерекше жан.

1980 жылдың қақаған қаңтарында, дәл 1 қаңтар күні Қаратөбеде дүние есігін ашқан сәбиге ерекше есім беріледі. Ол жыл – Кеңес Одағы үшін тарихи оқиғаларға толы уақыт болатын. Сол жылы тұңғыш рет КСРО астанасы – Мәскеуде Олимпиада ойындары өткізілді. Бұл жаңалық бүкіл елдің назарында еді.
Кейіпкеріміздің анасы Мағзия апай 1979 жылдың 31 желтоқсанында толғатып, сол түні босануға ауруханаға жеткізіледі. Сол шақта үйде әкесінің ағасы өткізген “шиыршық” атты дәстүрлі отырысы болып жатқан екен. Қонақтар ауа райының ақ түтек боранын ескеріп, егер ұл туса «Боранбай», қыз туса «Олимпиада» деп атайық деген ортақ шешімге келеді. Бұл ұсынысты осы отырысқа қатысқан белгілі ақын Шолпан Қыдырниязова да қолдап, «1980 жылғы Олимпиада құрметіне осылай атайық» деген екен. Сөйтіп, жаңа жылмен бірге жаңа өмір есігін ашқан сәби Олимпиада атанды.
Ол - отбасындағы бес перзенттің төртіншісі. Екі ағасы – Есеней мен Енесей, әпкесі – Бақшагүл, кенже інісі – Медет. Балалық шағы ұлдармен бірге еркін, еркелеу өткен. Асық, хоккей ойнап, шорты киіп, шалт қимылдап жүрген қызық күндер әлі күнге жүрегінде сайрап тұр. Ұл балалардың ортасында ширақ әрі батыл болып өскен ол, есімі үшін еш қысылмаған, қайта мақтан тұтқан.
- Кейде ауыл балалары “Олимпиада келе жатыр!” деп жар салады, бәрі жиналып, мені “жарысқа” шақыратындай көрінетін. Қыстың сықырлаған аязында мұз айдынына алғаш боп шығатыным үшін бе, хоккей ойынына қақпа күзетіп тұратын да өзім болғаным үшін бе ауыл балалары менң кейде «чемпион қыз» деп те атады. Бұл есім менің бойымдағы қайсарлықты ерте жастан оятқандай. Тіпті есімімді алғаш естіген адам таңырқап, «Рас па, атыңыз шынымен Олимпиада ма?» деп қайталап сұрайтын. Кейде қалжыңға бұрып, “Октябрь” немесе “Спартакиада” деп те атап кететін. Бірақ менің өзіме атым қатты ұнайды, азан шақырып қойылған, ешқашан өзгерткім келген жоқ», – дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде өзі отбасылы. Жолдасы Санат, қыздары Назира мен Аманбек – өмірінің мәні. Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжді бітіріп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алған. Қазіргі таңда Мичурин ауылдық клубында шығармашылық топ құрамында еңбек етеді. Оның бойындағы өнерге, тәрбиеге деген ықылас бала күнінен дарығаны байқалады.
Олимпиада есімі – жай ғана атау емес, тұтас бір тарихи кезеңнің, үміт пен ерекше оқиғаның ізі. Ата-ана тілегі мен сол замандағы жұрттың пейілінен туған есім бүгін де өз иесін ерекшелеп, даралап тұр. Қазақы танымда “Есім – адам жүгін көтерер” десек, кейіпкеріміз – соған жарқын дәлел. Қазақтың әр есімі – кие, тарих және тағдыр. Олимпиада есімі – солардың ішінде заманмен үндескен, ерік-жігер мен ел үмітінің тоғысқан тұсы десе болғандай. Қай заманда болмасын есімнің салмағы мен қасиеті оның иесінің болмысынан көрінеді. Ерекше есімдер – халқымыздың дүниетанымы мен болмысын, өткен мен келешек арасындағы көпірді көрсететін құндылық. Осындай тағдырлы есімдер ұмыт қалмай, келешекке өнеге болып жетеді деп сенеміз.
Салтанат Серікбайқызы,
Бәйтерек ауданы