Таяуда осындай атаумен Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында Ұлттық кітап күніне арналған әдеби-сазды кеш өтті. Кешке өңірдің зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері мен мектеп оқушылары қатысты.

Кеш барысында Қадыр ақынның даналығы, кітапқа деген сүйіспеншілігі мен өз шығармашылығы арқылы жастарға жол сілтеген тұлғалығы кеңінен айтылды. Ақынның әр сөзі – кітаптан алынған даналықтың көрінісі, әр жыры – ұлт руханиятына қосылған үлес.
– Бүгінгідей айтулы мерекені Қадыр ақынның шаңырағында өткізуіміз бекер емес. Біз қазір ақынның 76 жыл бойы жиған 6767 кітабының ортасында отырмыз. Қадырды даналық биігіне шығарған да осы кітап. Осы туралы бір естелікпен бөлісе кетейін. Қадыр ағамыз мектеп бітірген соң, Алматыда оқуға түсу үшін емтихан тапсырады. Қазақстан тарихынан барынша дайындалып, беске жаздым деп қуанып шықса, төрт қойыпты. Содан орыс әдебиетінен Максим Горький туралы сұрақ түскен екен. Ауылдан шыққан ақынның орысшасы шамалы, бірақ Горький туралы журналдардан оқығаны бар екен. Соның бәрін тізіп айтып беріп, бес алады. Сонда орыс әдебиетінен емтихан алған мұғалімі «Сенің орысшаң түкке де жарамайды, бірақ тақырыпты керемет біліп тұрсың» деген екен. Бұл туралы ағамыздың өзі кейін Қазақстан тарихынан өз тілімде тапсырған емтиханнан бес ала алмай, орыс әдебиетінен бес алғаным бар деп еске алды. Қадыр ақын – бар өмірін кітапқа арнаған жан. Көп оқыды, көп жазды. Сондықтан біз бүгін Қадырдың рухын құрметтесек, кітапты құрметтеуіміз керек, – деді ақын атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Дәулеткерей Құсайынов.
Кештің көркемдік мазмұны ерекше болды. Тарас Жауымбаев, Ербол Ақбасов, Нұршат Исламғалиев, Рустам Хафизов, Асланбек Қуаналиев сынды өңірімізге белгілі өнерпаздар Қадыр ақынның сөзіне жазылған әндерді нақышына келтіре орындады. Орталық қызметкерлері Нұрлыбек Айтқалиев пен Медет Қабдығалиев ақынның «Көк дауыл» өлеңін мәнерлеп оқыды.
Жүргізуші кеш барысында Қадыр ақынның кітапқа деген ерекше махаббаты туралы тебірене айтып отырды. Оның әр сөзі – өмірлік ұстаным, әр мысалы терең ойға жетелейді. Ақынның «Алтынның құнына ешкімнің таласы жоқ, дүние–нәрсенің бәрі сонымен бағаланады. Бірақ маған алтын мен кітаптың қайсысын таңдар едің десе, кібіртіктемей кітапқа жармасар едім» деген сөзі кештің басты өзегіндей әсер қалдырды.
Сондай-ақ жүргізуші Қадыр ақынның жеке кітапханасындағы қызықты деректермен бөлісті. Өз кітаптарын ерекше күтіммен ұстайтынын, олардың әр парағын белгі қойып оқитынын айтты. Бұл – кітапты қадірлеудің бір көрінісі.
– Нобель сыйлығының лауреаты, дүние жүзіне аты мәшһүр физик ғалым Альберт Эйнштейннің мынадай ұлы тәмсілі бар: «Адам баласының интеллектуалдық тұрғыдан өзін өзі жетілдіруі дүниеге келгеннен бастап соңғы демі шыққанша жалғасуы керек». Яғни адам үнемі ізденісте болып, өзін өзі дамытып отыруы тиіс. Қазіргі балалардан, жастардан «Неге кітап оқымайсың?» деп сұрай қалсаң, «Біз бәрін телефоннан оқимыз» деп жауап береді. Бірақ ақпарат – білім емес. Білім – кітапта. Ойлау өрісіңіз кең болуы, дүниетанымдарыңыз терең болуы, жан-жақты жетілген кемел тұлға болу үшін, арандап қалмау, бүкіл жамандық атаулыдан сақтану үшін кітап әлеміне шақырамын, – деген жазушы-журналист, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының БҚО филиалының төрағасы Бауыржан Ғұбайдуллин орталық директоры Дәулеткерей Атауұлын жаңа қызметімен құттықтап, естелік сыйлық ретінде кітап табыстады.

Айта кетейік, кешке Қадыр ақынның туған қарындасы Күләш Ғинаятқызы қатысты. Кеш барысында ақынның көзкөрген замандастары – Айтқали Нәріков, Дариға Мұштанова және Донеділ Қажымов сөз сөйлеп, Қадыр ақынның кітапқұмарлығы, оның шығармашылығындағы даналық пен парасат, әдебиетке деген адалдығы туралы естеліктермен бөлісті.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»