26.04.2025, 22:30
Оқылды: 519

Қайыңды алқабында «Ұлы даланың қызғалдағы» атты IV этномәдени фестивалі толықтай қорытындыланды

Қызғалдақты Қайыңды алқабында 24 сәуірден бастау алған «Ұлы даланың қызғалдағы» атты IV этномәдени фестивалі толықтай қорытындыланды. Қызғалдақтың маңызын арттыру үшін ауданымызда дәстүрлі түрде өтетін фестиваль биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Жусаны мен жуасы аңқыған киелі мекенде түрлі түсті қызғалдақтың 12 түрі өседі. Сол себепті Қайыңды алқабы еліміздің көптеген өңіріне көздің жауын алатын қызғалдағымен кеңінен танымал десек артық айтпаймыз.

WhatsApp Image 2025-04-26 at 21.10.01

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев, облыстық мәслихат депутаты Самат Хасанов және осы фестивальді тамашалауға келген көптеген аудан қонақтары қатысты.
Шара барысында мәртебелі меймандар мен ауыл тұрғындары «Қызғалдақ әлемі» атты сәндік-қолданбалы қолөнершілер көрмесін тамашалап, айналдыра тігілген ақшаңқай киіз үйлерді аралап, дәм татып, тамаша көңіл-күйге бөленді.
Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев аталған іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

WhatsApp Image 2025-04-26 at 21.09.41
-Ардақты ағайын баршаңызды әсем де көркем табиғатымен көз тартатын ауданымыздың қызғалдақты алқабында өткізіліп жатқан «Ұлы даланың қызғалдағы» атты IV этномәдени фестивалінің ашылу салтанатымен құттықтаймын. Бұл фестиваль тек көктем мезгілінің ғана емес, сонымен қатар ұлттық руханиятымыздың, мәдениетіміздің жарқын болашағы. Фестиваль аясында көптеген тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтсақ, аудан орталығында төртінші мәрте ұйымдастырылған «Қызғалдақ көктем» эстрадалық әндерді орындаушылар байқауы өтті. Байқаудың мақсаты жас орындаушылардың өнерін елге таныту болса, ол мақсат жүзеге асты деп есептейміз. Одан бөлек ауданымызда алғаш рет суретшілер симпозумы да ұйымдастырылып, жоғары дәрежеде бағаланды. Әлемнің жеті кереметі болса, Казталов ауданының да өзіне тән жеті кереметі бар екені баршаңызға мәлім. Осынау баға жетпес кереметті суретшілердің танымал қылқаламымен суреттеп қалу мақсатында өткен симпозиум жергілікті тұрғындардың биік талғамынан табылды. Одан бөлек, Қайыңды ауылының тумасы, қазаққа 300-ден аса ән қалдырған, бір ғана әнімен барша қазақтың елге деген сағынышын ұялатқан белгілі композитор Темірәлі Бақтыгереев ағамыздың туғанына 75 жыл толуына орай тағылымды іс-шара жүзеге асырылып, аудандық іскер әйелдердің қолөнер көрмесі және қазақтың қанын тулататын ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған айтулы жарыстар бүгінгі дала төсінің көркін қыздыруда. Еліміз гүлденіп, көк туымыз мәңгіге желбірей берсін, жерлестер, - деп құттықтау сөзін қорытындылап, ауданымыздың жеті кереметін бейнелеген хас суретшілер Ахмет Ғиниятов, Жеңісбек Өтешов, Мэлс Отаров, Бекжан Жұмабаев, Қанат Оразов, Мұхит Құрақ, Талғат Ғизатовтарға Алғыс хат табыстады. Ал, ауыл тұрғындары Аслан Жайынов пен Айболат Аткеевке Серік Ерболатұлы «Әли» шаруа қожалығының жетекшісі Кәдем Ғазизұлының атынан иықтарына шапан жапты.
Осыдан соң Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері F.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының әншісі байқаудың әділқазылар алқасының мүшесі Айбар Қайырханов пен өңірімізге танымал сазгер Таңат Жексенбаев «Қызғалдақ көктем» эстрадалық әндерді орындаушылар байқауының қатысушыларына Алғыс хат пен байқау дипломанты сертификатын табыстаса, байқау қорытындысы бойынша І орын иеленген Олжас Оспан (Абай облысы, Семей қаласы) мен Ержан Мырзахметовке (Атырау қаласы) қаржылай 200 мың теңге, ІІ орын иеленген Аружан Баимурзина (Бөрлі ауданы, Ақсай қаласы) мен Махамбет Нұрахметов (Жаңақала ауданы) қаржылай 100 мың теңге, ІІІ орын иеленген Тасқын Әжібай (Қостанай қаласы, Федоровка ауданы), «Дарын» тобы (Түркістан қаласы) мен Динара Аубекерова (Казталов ауданы) қаржылай 80 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.

WhatsApp Image 2025-04-26 at 21.10.03
Фестиваль барысында ІV республикалық «Қызғалдақ көктем» байқауының қатысушылары шырқаған әндер көпшілік қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ерекше әсер қалдырды.
Осылайша үлкен тойға ұласқан «Ұлы даланың қызғалдағы» атты IV этномәдени фестивалі ұлттық спорттық шаралармен жалғасын тапты.

 

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале